Көкшетауда бірнеше адам арзан қант аламыз деп сан соғып қалды

Көкшетауда бірнеше адам арзан қант аламыз деп сан соғып қалды
фото: sputnik.kz

Көкшетау қаласында халықты 7,7 миллион теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды.

Облыс орталығының тұрғыны қантқа сұраныстың күрт көбейгенін байқап, алаяқтық жасауға шешім қабылдаған. Ол арзан бағамен қант ұсынған. Бір қап үшін 7 мың теңге сұрады. Оған біраз адам сеніп, ақшасын аударған. Бірақ уәде етілген тауар жеткізілмеген.

Қазіргі кезде жеті адамнан арыз түсті. Шығынның жалпы сомасы – 7,7 миллион теңге. Жедел іздестіру шаралары кезінде бұрын сотталған 56 жастағы ер адам ұсталды. Күдікті уақытша қамау изоляторына тоғытылды.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі (Алаяқтық, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айта кетері, осы қылмыс үшін 4 000 АЕК-ке (13 800 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.

Қазақпарат