фото: сурет: Ернар Алмабек
Ауыздығымен алысып, жер тарпыған асауды бағындырған қыздардың бірі – Алтынай Еркінбек. Ол Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында туып-өскен. Ес білгелі әкесі мал шаруашылығымен айналысып келеді. Сондықтан болар Алтынай қатарлас құрбылары секілді қуыршақ ойнап, құрақ құрап, кесте тігуге аса қызықпады. Екі көзі қора жақта, есілдерті жылқыда болады. Осыны байқаған әкесі 4-5 жасынан бастап жылқыға мінгізеді. Содан бері он жылдан астам уақыт өтсе де, ат үстінен түскен жоқ.
Алтынай – үйінің жалғыз ерке қызы. Сондықтан болар өр мінезді. Кішкентайынан жылқыға үйірсек қыз ауылында көкпар тартып жүрген жігіттерді көріп, қатты қызығатын болған. Біраз уақыт сырттай бақылайды. Ақыры, көкпарға қатысқысы келетінін әкесіне айтады. Қызының жылқыға қызығушылығы ерекше екенін көргенімен, көкпар туралы айтқанда әкесі тосылып қалады. Бірақ ерке қызының алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын білетін әке батасын береді. Ал анасы қызының бұл ойына әу бастан қарсы болады. «Көкпар – қыз баланың қолы емес» деп құптамайды. «Баласы бәйге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» деген қазақ. Ер жігіттермен иық тірестіріп, күш сынасу қыз балаға оңай емес. Оның үстіне қазақта қыз бала көкпарға шаппаған деп, елдің сөзіне де елеңдейді. Осының бәрін ойлаған ана жүрек қызының тағдырына қатты алаңдайды. Алайда қызының ерекше қабілетін байқап, жолын байламай, тілекші болады.
Алтынай спортты ұл не қыз деп жынысқа бөлудің қажеті жоқ деп санайды. Оның айтуынша, халқымыз қызын ұлымен тең өсірген.
Көкпар ойынына тек жүрек жұтқан батырлар мен табандылар ғана тәуекелге бел буып қатысады. Одан бөлек жылдамдық пен ұтқырлық керек. Көкпар адамның бойындағы қайсарлық пен батырлық қасиеттерін шыңдайды. Сонымен қатар ойыншылардан әрдайым физикалық және эмоциялық тұрғыдан дайындықты, қарсыластардың күшін дұрыс бағалауды, астындағы атын басқара алуды талап етеді. Бір қызығы, көкпар адамның ешбір жаттығу қозғай алмайтын бұлшықеттерінің жұмысын жақсартады екен. Ойыншы аттың үстінде мығым отырып, салым салу үшін бар ептілігін, батылдығын, күш-жігері мен төзімділігін көрсетпесе, олжадан құр қалады.
Алтынай болашақта актриса болғысы келеді. Былтыр 9-сыныпты бітіргеннен кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжіне барып көреді, ондағылар дайындық керек екенін айтқан соң босқа уақыт жоғалтпайын деп Талғар ауданындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Қазір 1-курс студенті. Алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз биыл тағы да Өнер колледжіне оқуға тапсырып, бағын сынап көрмек.
– Армандарым біртіндеп орындалып жатыр. Ең әуелі көкпаршы қыз болдым. Ел арасында атым аталып, таныла бастадым. Халықтың жылы лебізіне бөлендім. Былтыр «Шабандоз қыз» атты фильмге түстім. Қазір Ақбұлақ деген жерде кастингке қатысып жатырмын. Болашақта Nomad Stunts командасындағы каскадерлер қатарына қосылғым келеді. Ат үстінде қылыштасқан қыздың рөлін сомдап, тарихи фильмдерге түскім келеді. Өзім би үйірмесіне қатысқанмын, билегенді де жақсы көремін. Болашақта бойымдағы барлық қабілетімді ұштап, өзімді дамытып, ұлттық спорт, кино, өнер саласына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді арманы асқақ Алтынай.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через