Көк байрақты қорлағандар қалай жазалануы керек

Көк байрақты қорлағандар қалай жазалануы керек
фото: https://sputnik.kz

Көк байрақты қорлағандар қалай жазалануы керек

Елтаңба авторының пікірінше, елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы нашар жүргізіліп жатыр.

Өкінішке қарай, елімізде мемлекеттік туды қорлау жағдайлары тыйылмай тұр. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Мемлекет басшысы Алматыдағы атышулы концерттен кейін көк байрақты пайдалану тәртібін қайта қарауды тапсырды. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге болатынын айтты.

Туды қорлайтындардың орны – түрмеде

Елтаңба авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлының айтуынша, елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы кемшін. Мемлекеттік органдардың насихаттау-түсіндіру жұмысы нашар.

"Қазақтың өз менталитеті, ұлы даланың өз мәдениеті бар. Қазақ намысты қашан да биік қойған. Біздің намысымыз біздің рәміздерімізде, көк байрағымызда тұр. Сондықтан туымыз әрқашан биікте желбіреуі керек. Кімде-кім туымызды, әнұранымыз бен елтаңбамызды қорласа, сол адам қатаң жазаға лайық. Айыппұл салу, әкімшілік жауапкершілік дегенді алып тастаған жөн. Туды таптайтындар, қоқысқа тастайтындар бес емес, жеті жылға қамалуға тиіс. Жаза қатаңдатылғанда ғана туды қадірлейтін болады", - деді Жандарбек Мәлібекұлы .

Сәулетшінің ойынша, мемлекеттік ту әр қазақтың шаңырағында болуы керек. Осы орайда Елтаңба авторы Финляндияға сапары кезінде ерекше есте қалған дүниені бөлісті.

"Бір жолы жолым түсіп Финляндияға бардым. Финляндияны аралап, тыныс-тіршілігімен танысып жүргенде, бір үйге көзім түсті. Әлгі үйдің төбесіне финдердің жалауын көлденең іліп қойған екен. Мен жалау неге төмен ілініп тұр деп сұрадым. Сол кезде қасымдағы адам "демек, бұл үйде бір фин қаза тапқан" деді. Көрдіңіз бе, бір финнің өмірден өткенін ту арқылы білдіріп тұр. Сондықтан үйде ту болғаны дұрыс. Оны күнделікті емес, Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні сияқты айтулы даталарда пайдалану керек", -деді Мәлібекұлы.

Ал көк туды киелі сахнада қорлайтын әнші-әртістерді, Елтаңба авторының пікірінше, өмір бойы өнерден аластату қажет.

Белгілі этнограф Досымбек Қатран да "туымыздың аяққа тапталуы – заңның осалдығы" деп есептейді.

"Рәміздерді қорлау жағын түсінуге болады. Өйткені қазіргі қоғамның санасында туды биік ұстау, қастерлеу деген түсінік жоқ. Сол "қасиет тұту керек еді, қадірлеу керек еді" деген сананы орнықтыру үшін, әрине, мың сөзден бір іс артық. Яғни, жазалау керек. Қадірлемедің бе, аяққа таптадың ба, сотта жауап бересің. Сонда ғана оның санасына кіреді. Адам санасына өзгеріс енгізу керек. Бар мәселе сонда болып тұр", - дейді .

Ол билік мемлекеттік рәміздерді насихаттау, дәріптеу ісіне ерекше мән беруі керек екенін айтты.

"Мысалы бізде әнұранды бәрі жақсы біледі. Әркім сыйлайды. Бірақ басқа ұлттар әнұран шырқалғанда қолын жүрек тұсына апарып қоймайды. Оны көзіміз көріп жүр. Тағы бір нәрсе – қазақ бола тұра, діни наным-сеніміне қайшы деп апармайтындар да бар. Яғни, біздің қоғам ала-құла. Осы ала-құлалықты болдырмайтын, әрине, билік жұмысы. Оны шешудің жолы – жазаны күшейту, қасиетті рәмізді менсінбей, қорлағандарды – жұртқа көрсетіп жазалау", - дейді Досымбек Қатран.

Этнографтың айтуынша, заң осал болғаннан кейін, әркім ойына келгенін істейді. Сондықтан қылмыстық жазаны қатаңдату керек.

Үйленгенде туды желбіретіп жүру керек

Осыдан бір-екі жыл бұрын қазақстандықтарға туды үйдің қасбеті мен балконға ілуге рұқсат берілді. Бірақ этнограф Досымбек Қатран көк байрақты қолдану аясын әлі де кеңейту қажет деген пікірде. Дәлірек айтқанда, ол мемлекеттік туды жастардың үйлену тойында пайдалануды ұсынды.

"Мысалы, жастар үйленгенде туды желбіретіп жүру керек. Оны қайдан көрдік? Қазақстанда туған түріктер біздің елде үйленгенде, сол Түркияның туын желбіретіп жүреді. Ал біз болсақ, туды қастерлей алмай жүрміз. Қорыққаннан қадірлеу емес, санаға сіңіру керек. Жерде жатқан тиынның ішінде Елтаңба бар-ау деп, оған ақша тұрғысынан емес, Елтаңба тұрғысынан қарап көтеріп алуы керек. Ол бір теңге бола ма, бес теңге бола ма, бәрібір. Оны жерден алып биікке қойсын немесе өз қалтасына салсын. Міне, осыны санаға сіңіруіміз қажет", - дейді Қатран. Айтуынша, мұндай жұмысты мектептен емес, балабақшадан бастау керек.

Мәтіндегі ақпарат туралы