Көгершіндер көрмесі

Көгершіндер көрмесі

Көгершіндер көрмесі

Атыраудағы «Мұнайшы» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде көгершіндер көрмесі өтті. Оған Атырау, Ақтөбе мен Қызылорда облысынан 150-ден астам көгершін өсіруші жиналды. «Мұнайшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі көрмені облыстық көгершін асыраушылар федерациясы ұйымдастырды.

Көгершін өсіруді хоббиі санайтынның бірі – Талап Жарылғасынов. Құрсай елді мекенінде тұратын 56 жастағы азамат көгершін өсіруді оқушы кезінде бастаған.

– Әлі күнге дейін көгершінді жан рақаты үшін өсіремін. Бірақ бұдан ешқандай пайда көрмеймін. Қазір менің 50-ден астам көгершінім бар. Балаларымның көгершін асыраумен айналысқанын қалаймын. Көрмеге неміс, чех көгершіндерін әкелдім. Менің көгершіндерім 2019 жылы осындай көрмеде бірінші орын алған еді, – дейді Талап Жарылғасынов.

Атыраулықтар көрмеге әкелінген түрлі түсті көгершіндермен суретке түсуге мүмкіндік алды. Биыл алтыншы мүшеліне толған Алексей Хандокин көгершін өсірушілер әулетінен шыққан. Өзі де көгершін өсіреді. Көгершіндерін серуенге шығарып, әуеде билегенін қызықтағанды тәуір көреді. Көрмеге өзгелердің көгершінін көру үшін келіпті.

Ал облыстық көгершін өсірушілер федерациясының президенті Жәнібек Қалекеновтің өзі 60-қа жуық көгершін асырайды екен. Бұл көрмеге 150-ден астам адам өздері асырайтын көгершіндердің түр-түрін әкеліпті.

– Біз Қазақстан мен Ресейдің көгершін асыраушылары үшін көрме өтетінін хабарлаған едік. Бұл көрмеге Ақтөбе мен Қызылорда облысының Қазалы ауданынан көгершін өсірушілер қатысып отыр. Бірақ ресейліктер қатыса алмады. Оған Ресейдегі коронавирус инфекциясының өршуі әсер етіп отыр. Енді алдағы наурыз айында тағы да көрме өткіземіз деп үміттенеміз. Өйткені Атырауда көгершін өсірушілер саны артып келеді. Демек біздің ізбасарларымыз бар, – деп күледі Жәнібек Қалекенов.

Көрменің соңында спорттық көгершіндер жарысы өтті. Оның қорытындысында көгершін өсірушілер естелік сыйлықтармен марапатталды.

 Жолдасбек Көшербайұлы 

Мәтіндегі ақпарат туралы