Топырақтың құнарын арттырып, ауаны тазартатын, жазда сая, қыста қамсау болатын көкжелектің қасиеті көктемнен бастап білінеді. Көктемдегі игі дәстүр, қайырлы істің бірі – тал егіп, ағаш отырғызу. Бұрыннан да көрікті жерді көгалдандыра түсіру мақсатымен жақында «Қазақфильм» киностудиясының аумағына еліміздің белгілі киногерлері ағаш отырғызып, сауапты іс жасады.
Іс-шараның ашылу салтанатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев қазақстандық киногерлерді біріктіруге бағытталған бұл шара міндетті түрде жалғасын табатынын айтты.
Қазақ кинематографиясының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан режиссерлер Дәрежан Өмірбаев, Рүстем Әбдірашев, Рашид Нұғыманов, Серік Апырымов, Әділхан Ержанов, Фархат Шарипов, Ернар Нұрғалиев, Эля Гильман, Серікбол Өтепбергенов, Қанат Бейсекеев, актерлер Меруерт Өтекешева, Ерболат Тоғызақов, Байкенже Белбаев, Альмира Тұрсын, Шыңғыс Капин, Азамат Сатыбалды, Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Төлепберген Байсақалов, Жан Байжанбаев, Айдос Бектеміров, Әнуар Нұрпейісов, Асқар Ілиясов және өзге де жас әртістер студия аумағына 80 түп ағаш отырғызды.
Кино майталмандары желмен діріл қаққан жас шыбықтардың күні ертең жапырағы жайқалған діңі қатты, бұтағы мол, биік бәйтеректерге айналатынына сенім білдіріп, тоғайған көңілмен тарқасты.
Дереккөз Егемен Қазақстан. Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через