Жаһанды жайлаған пандемия салдарынан білім беру саласы онлайн форматқа көшуге мәжбүр болды. Мектеп жасындағы балалар арасында интернет қолданушылардың саны артып, бұл мамандардың пайымынша, кибербуллингке ұшыраған жасөспірімдер қатарының көбеюіне әсер етті. Қазақстанда 2021 жылы 2020 жылғымен салыстырғанда кибербуллинг саны екі есеге өскен. Мәселен, 2020 жылы 70 мыңға жуық факті тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 140 мыңнан асқан.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында балаларды кибербуллингтен қорғау үшін заң жүзінде шаралар қабылдау керек екенін айтқан еді. Содан бері не өзгерді? Барлығы онлайнға көшкенде балаларды кибербуллинг қаупінен қалай қорғап жүрміз? Биылғы балалар жылына орай еліміздегі жасөсіпірімдер мен балаларды кибербуллингтен қорғау шаралары, әлемдік тәжірибе, сонымен қоса заңға енгізілген түзетулер мен өзгерістер жөнінде материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
Кибербуллинг деген не?
Кибербуллинг – цифрлы технологияларды, нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желілер, түрлі мессенджерлер, ойын платформалары мен ұялы телефонды қолдану арқылы қорқытып, зорлық көрсету. Олардың мақсаты – белгілі бір адамның не топтың ар-ожданына, абыройына нұқсан келтіру, бопсалау, үркіту, ашуландыру. Мамандар бұл әсіресе, балалар үшін қауіпті әрі кері әсері біраз уақытқа созылуы мүмкін екенін айтады. Физикалық салдарын былай қойғанда, балалар эмоциялық және психикалық тұрғыдан өте ауыр соққы алады. Балалар мен жасөспірімдердің қазіргі таңда интернетте көбірек уақыт өткізетінін ескерсек, салдарымен күресу де біраз уақытты қажет етеді.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, 2020 жылы 70 мыңға жуық кибербуллинг фактісі анықталған. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың 9 айында екі есеге артып, кибербуллингке қатысты 140 мың бұзушылық фактісі тіркелген.
«Ақпараттық алаңға жүргізілген мониторинг талдауы кибербуллинг көрсеткішінің артқанын көрсетіп отыр. Министрлікке де өте көп өтініш түседі. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы мониторинг барысында 70 мыңға жуық кибербуллинг фактісі анықталды, кейін әлеуметтік желілердің әкімшілігіне 1800-ге жуық сұраныс жібердік. Ал 2021 жылы 140 000-ға жуық бұзушылық фактісін анықтадық, сәйкесінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер әкімшілігіне 1700-ге жуық хабар жібердік»,-деп атап өткен еді сол кездегі ҚР АҚДМ вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев.
Ал 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллингке қатысты сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесі бойынша, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 12%-ы кем дегенде бір немесе бірнеше рет кибербуллингке ұшыраған. Сондай-ақ жасөспірімдердің шамамен 11%-ы кем дегенде бір рет кибербуллинг әрекетін жасауға қатысқан. Мамандардың пайымынша, пандемия салдарынан оқудың, барлық саланың онлайнға өтуі балалардың ғана емес, жастар мен ересектер арасындағы да кибербуллинг көрсеткішінің артуына себеп болып отыр.
Осы тұста айта кету керек, Қазақстанда нақты кибербуллинг проблемасына қатысты заңнаманы жетілдіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұған дейін Мемлекет басшысы жолдауларының бірінде кибербуллингті заңдық негізде енгізу, әсіресе балаларды қорғауға қатысты шаралар қабылдау керек екенін айтқан еді. Оның сөзінше, бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр.
«Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді»,-деп баса айтқан еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кибербуллингпен күрес шаралары
Осы орайда қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша кейбір заңнамалық актіге бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу әзірленіп жатқанын атап өткеніміз жөн. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Әлішер Мұқажан заң жобасы шеңберінде балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, «онлайн оқыту» ұғымын енгізуге және басқа да онымен байланысты құқықтық қатынастарды орнатып, «буллинг» пен «кибербуллинг» ұғымын құқықтық бекітуге бағытталған бірқатар кодекс пен заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланғанын жеткізді.
«Осылайша, әлеуметтік желілерге және мессенджерлерге арналған ұғымдарды енгізу және олардың қызмет тәртібін бекіту, ақпаратты жою бойынша онлайн-платформалардың қызметін регламенттеу, ақпаратты орналастыратын немесе ҚР заңдарымен таратылуы өзгеше шектелген интернет-ресурстарды есепке алудың бірыңғай тізімін енгізу секілді мәселелерді жоспарлап отырмыз»,-деді Әлішер Мұқажан.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ересектер мен балаларға қатысты бірқатар ғайбаттауфактісі тіркелген. Әсіресе жасөспірімдер кибербуллингтің құрбанына айналып жатыр. Ол бұған дейін әлеуметтік желілерде танымал болған суицидтік топтар анықталғанын жеткізді. Онда жүргізілген мониторингке сәйкес, жасөспірімдерге қатысты суицидтік сипаттағы көптеген материал жүктелген.
«Әлеуметтік желідегі материалдарды жою үшін бірнеше ай кетті. Қазір жүрігізіліп жатқан мониторинг арқылы әлеуметтік желілерде жасөспірімдерге бағытталған жаңа топтарды тіркеп жатырмыз»,-деді ол.
Жаза қандай болады?
Сондай-ақ ол қолданыстағы заңнамада жала жабу, қорлау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және жеке адамға қарсы басқа да қылмыстар түріндегі құқыққа қарсы әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін атап өтті. Осыған байланысты, әлеуметтік желілерде азаматтар өздерінің құқығына қарсы әрекеттер жасалып, кибербуллингке ұшыраған жағдайда осы фактілер бойынша құқық қорғау органдарына жүгіне алатынын жеткізді.
Жалпы маманның айтуынша, 2021 жылы заңнаманы бұзуға қатысты уәкілетті органның ұсынымы бойынша интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшілері шамамен 222 453 материалды жойған. Бұдан басқа 2021 жылы «Байланыс туралы» заңда көзделген тәртіппен уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында 10 578-ден астам материалға пайдаланушылар үшін қолжетімділігіне шектеу қойған.
«Жалпы алғанда, пандемия кезінде адам өмірінің барлық саласының онлайн форматқа көшуін ескерсек, заңнама нормаларын сақтамау фактілерінің көбейгені байқалып отыр»,-деді ол.
Заңға енгізілетін түзетулер мен өзгерістер
Осы тұста ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Әлішер Мұқажан қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасына енгізілетін түзетулер мен өзгерістер жөнінде айтты. Олардың балаларға қатыстысы мен негізгілеріне тоқталсақ, бірінші кезекте «буллинг және кибербуллинг» ұғымы енгізіледі. Бұдан былай кәмелетке толмаған адамды қудалау (буллинг) – кемсітушілік сипаттағы жүйелі (екі және одан да көп) іс-әрекеттер, қудалау және қорқыту, оның ішінде көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған іс-әрекеттер (кибербуллинг) деп белгіленетін болады. Одан бөлек әлеуметтік желілерге (онлайн-платформа) және мессенджерлерге (жедел хабарлау сервисі) арналған ұғымдарды, сондай-ақ ҚР аумағындағы шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін реттейтін норма енгізіледі.
«Тұтастай алғанда, түзетулерді әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе егжей-тегжейлі зерделенді. Оның қорытындысы бойынша, әлемдік қоғамдастық осы саланы заңнамалық реттеуге әрекет жасап жатқаны анықталды. Мәселен, Еуропаның кейбір елдерінде (Германия және Франция), ТМД елдерінде (Ресей және Өзбекстан) жергілікті заңнаманың ерекшелігін ескере отырып, интернет-кеңістікті құқықтық реттеу жөніндегі нормалар қабылданды. Сондай-ақ Еуропа, Азия, Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінде интернетті, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді заңнамалық реттеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді департамент директорының орынбасары.
Әлем елдеріндегі кибербуллингпен күрес
Енді әлем елдерінде кибербуллингпен, әсіресе балалар арасындағы кибербуллингпен күрес шаралары заңнамалық тұрғыда қалай жүзеге асып жатқанын қарастырып көрейік. Дамыған елдердің көпшілігінде кибербуллингке қарсы шаралар заңмен бекітілген. Оңтүстік Корея 2007 жылы онлайн қорқытуға қарсы арнаулы заңды қабылдады. Жаңа Зеландияда интернетте басқа адамға зиян келтіретін хабарламаларды жариялаған (қорлау, қорқыту, т.б.) авторды екі жылға бас бостандығынан айырып, 40 мың доллардай айыппұл салуы мүмкін. Ал сайт немесе платформаның иесі 160 мың долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Германияда да кибербуллинг мәселесі заңмен қарастырылған.
Кейбір елдер кибербуллингпен мектептен бастап күресу керек екенін айтып, алдын алу шараларын білім ұйымдарынан бастап жатыр. Ұлыбританияда мектеп оқушыларын одан қорғау үшін білім туралы заңға өзгерістер енгізілген. Мәселен, мұғалімдер кибербуллингтің барлық түрлерінің алдын алу үшін арнайы дайындықтан өтеді. Францияда мұғалімдер оқушылардың блогтарын бақылап, зардап шеккендерге көмек көрсетеді, ал агрессия көрсеткендер мектептен шығарылады.
Канадада мектеп оқушыларына кибербуллингтің алдын алу тәсілдерін үйрету мақсатында 130 зерттеуші-ғалым мен 62 ұлттық жастар ұйымынан Қарым-қатынастарды жақсарту және зорлық-зомбылықты жою желісі (Promoting Relationships and Eliminating Violence Network) арнайы әдістеме әзірлеп жатыр. Америка Құрама Штаттарында кибер-қорқыту туралы федералды заң жоқ, бірақ кейбір штаттарда кибербуллинг пен буллингке қатысты заң бар. Мәселен, Джорджияда 1999 жылдан бері гаджеттерді қорқыту мақсатында пайдалану заңсыз. Кейіннен Невада штатында мектеп оқушыларын ауызша немесе жазбаша қорқыту үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Бұдан бөлек The Fight Crime: Invest In Kids коммерциялық емес ұйымы балалар арасындағы кибербуллингпен күресуге көмек қолын созады. Оның құрамында бес мыңға жуық полиция қызметкері, шериф пен заңгерлер жұмыс істейді. Олар қылмыстың алдын алу стратегияларын зерттейді. Сонымен қоса мұғалімдерге, балалар мен ата-аналарға көмектесу үшін stopbullying.gov платформасы іске қосылған. Сайт мектептердегі, жалпы күнделікті өмірде балаға буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға көмек беру мақсатында құрылған. Сонымен қатар сайтта баланың кибербуллингке ұшырағанын қалай түсінуге болады, кім кінәлі және оған не істеу керегіне қатысты бірқатар кеңес берілген. Ерекше ауыр жағдайларда авторлар полицияға хабарласуды ұсынады.
Аустралияда жала жабатын ақпаратты желіде тарату мәселесі референдумға шығарылды. Заңнамалық реформаға дайындық барысында азаматтардан бірқатар мәселе бойынша, мысалы, әлеуметтік желілерді қолданушылардың жазбалары үшін жауапкершілікке тарту, өтемақы төлету, жоққа шығару секілді дүниелерге пікір білдіру ұсынылды.
Қазақстан: білім беру ұйымдарындағы кибербуллингпен күрес
Біздегі білім беру ұйымдарында балалар арасындағы кибербуллинг мәселесінің алдын алу мақсатында қолға алынған шаралар жөнінде ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев айтып берді. Ол өз сөзінде ұстаздар қауымы үнемі балалардың іс-әрекетіне назар аударып, қызығушылық танытып, олардың өзін қалай ұстайтынын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, олар әр оқу жылының басында мектеп ережелерін оқушыларға сынып сағаты мен ата-аналар жиналысында түсіндіруге тиіс.
«Мектеп басшылығы барлық баланың қауіпсіздігі, денсаулығы мен әл-ауқатының дұрыс болуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар оқушының мінезі мен өзін-өзі ұстауындағы өзгерістерді байқаған жағдайда сынып жетекшісі баламен жеке сөйлесіп немесе баланы мектеп психологына апаруы керек. Осылайша оны қандай мәселе мазалап жүргенін анықтауға тиіс»,-деді Есенғазы Иманғалиев.
Егер баланың кибербуллингке ұшырағаны белгілі болса, мектеп басшылығы шұғыл түрде баланың ата-анасына хабарлауы қажет.
Буллинг немесе кибербуллинг жағдайларын тексеру және шешу шаралары мектептің буллинг, кибербуллинг саясатына қарсы мінез-құлық ережесінде қарастырылған. Оған қоса ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы мақұлданып, бірқатар ереже талқыланып жатқанын тілге тиек етті.
«Ережеге сәйкес, мемлекеттік органдардың жауапты құзыретін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек ол еліміздің барлық өңірінде психологиялық қызмет құрылғанын да атап өтті. Сонымен білім беру ұйымдарында білім алушылардың психологиялық денсаулығын қадағалау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету, психологиялық қиыншылықтар мен білім алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру психологиялық қызметтің мақсат-міндетіне кіретіні белгілі болды.
Бұған дейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында қамқоршылық кеңес құрылған еді.
Қамқоршылық кеңестің міндеті – білім беру ұйымының қызметімен, білім беру ұйымындағы білім алушыларға және тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысу, оның ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалармен жұмыстың ұйымдастырылуына ықпал ету. Комитет төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің сөзінше, аталған кеңес еліміздің барлық мектебінде жұмыс істеп жатыр.
«Қамқоршылық кеңес елдегі барлық мектепте жұмыс істеп тұр. ҚР БҒМ-ның 2017 жылғы 27 шілдедегі №355 бұйрығымен Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекітілді. Осы қағидаға сәйкес, қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен, өзге де жеке және заңды тұлғалармен бірлесіп қызмет етеді»,-деп толықтырды ол. Қамқоршылық кеңестері оқушылар мен тәрбиеленушілер құқықтарының сақталуына баса назар аударатынын атап өткен жөн.
2019 жылы ЮНЕСКО-ға мүше 193 мемлекет мектептерде және интернетте зорлық-зомбылық пен қорлауды тоқтатудың халықаралық күнін белгіледі. Бұл күн адамдардың назарын осы мәселеге аудартып, балалар мен жасөспірімдердің білім алуы мен денсаулығына қатысты құқықтарына кері әсер ететін буллинг пен кибербуллингтің таралуын тоқтату мақсатында жыл сайын қарашаның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі. 2021 жылғы күннің басты тақырыбы ретінде балалар мен жастарға қатысты кибербуллинг пен онлайн зорлық-зомбылықтың басқа да түрлерінің алдын алу мүмкіндіктерін іздеуге арналған еді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через