Ресми дерек бойынша, республикада 1 миллион кедей бар. Одан бөлек, жарытып тамақ іше алмай жүрген адамдар да аз емес. Алайда ол туралы нақты дерек жоқ. Бұл жағдайда әлеуметтік тұрғыдан осал деп танылған жандарға жәрдемақы төлеу керек-ақ. Бірақ бұған Үкімет дайын ба?
Статистикадағы сәйкессіздік
Бүкіләлемдік банктің дерегінде республикадағы кедейлік деңгейі 12-14% жетіп, 2 млн адамды құраған. Әлемдік рейтингте Қазақстан табысы ортадан төмен елдер санатына жатады. Оның әдістемесі бойынша кедейлік шегі күніне – $5,5, яғни айына 2 343 теңгені құрауы тиіс. Бүкіләлемдік банктің әдістемесі бойынша, одан төмен табыс табатындар кедей болып саналады. Біздің елде кедейлік шегі ол бұл сомадан екі есе төмен – 34 302 теңге. Ал енді 42 500 теңге айлық алатындар кедей деп саналмайды. Міне, Үкіметтің барлық әлеуметтік бағдарламалары мен төлемдері осы соманы негізге алып жасалған, сондықтан тұрмысы төмен жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектердің әділеттілігі туралы бірдеңе деудің өзі артық.
Мынау қымбатшылық дендеп тұрған заманда бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес екенін осы бағдарламаларды жасаған және төменгі жалақы мөлшерін бекіткен министрлер, әкімдер, депутаттар ғана білмесе керек. Қазір әлеуметтік азық-түлік себетіне 40 түрлі тағам кіреді, әйтсе де ғылыми тұрғыдан адамның физиологиялық тұтыну нормасы бойынша 65 түрлі тағам қажет екені дәлелденген. Бірақ мұны ескерген кім бар?
Одан бөлек, сарапшылардың айтуынша, кедейлік деңгейін белгілеген кезде адамның азық-түлікке, киім-кешекке, коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ білім алуға, емделуге, демалуға және тағы басқа да өмірлік қажеттіліктеріне қанша ақша жұмсайтынын ескеру қажетін айтады. Әрине, бұл шындықтан гөрі қиялға көп жақын. Ал 42 500 теңгенің төменгі айлық жалақысына адамның аштан қатып қалмас үшін тек шай мен нан және макарон алуға шамасы жетеді. Айтпақшы, Еуропа елдерінде азық-түлік және тағамдық емес себетінің құрамына 250-300 түрлі тауар кіреді!
Келесі жылдан бастап Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін 60 000 теңгеге көтермек. Сонымен қатар жәрдемақы мен зейнетақы сомасы да артатын болған. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев оның халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал қорғалған тобына көмегі шамалы екенін айтады.
«Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең төменгі жалақы мөлшерін, жәрдемақы мен зейнетақыны арттыру жеткіліксіз. Қазір ең маңыздысы – ел экономикасының дамуына басты назар аудару қажет. Адамдарды жақсы өмір сүруге тартудың қажеті жоқ, оның орнына адамдық капиталды өсіруге, орта және шағын бизнесті дамытуға күш салу қажет. Ал тек жалақы мөлшерін көтеріп қойсақ, ол бәрібір үздіксіз өсіп жатқан азық-түлік пен коммуналдық төлемдер бағасын, басқа да тауар түрлерінің қымбатшылығын жаба алмайды, біз бұдан тұрғындар өмірін жақсарта алмаймыз», – дейді ол.
Жұмыссыздық пен кедейліктің өршуіне коронавирус пандемиясы көп ықпал етті. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың ахуалын одан әрмен нашарлата түсті. Ал қай елді кедейлік иектесе, сол қоғамда қылмыс, ұрлық, нашақорлық, суицид, әлеуметтік шиеліністер мен қақтығыстар өшіп кететінін өмірлік тәжірибелер айқын көрсетіп отыр.
Әдетте, ең кедей адамдар санатында көпбалалы отбасылардың қарасы қалың. Мұндай отбасылар балаларын толық деңгейде тағаммен, киіммен, дәрігерлік қызметпен және жеке тұлғаның дұрыс дамып-жетілуі үшін қажетті басқа да мұқтаждықтармен қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда егер ересек адамдардың кедейлігі туралы үстірт болса да бір талдау жүргізілсе, құзырлы органдар балалар кедейлігі туралы жақ ашпайды. Құдды, біздің елде мұндай проблема мүлдем жоқ сияқты.
Балалар кедейлігі – қауіпті құбылыс
Zertteu Research Institute құрылтайшысы Шолпан Әйтенованың айтуынша, елдегі 6 миллион баланың 1 миллионы кедей отбасыларында өмір сүріп жатыр. «Бұл – жалпыұлттық ауқымдағы апат. Мұндай проблеманың бар екенін көрмеудің арты жақсылыққа соқтырмайды. Өйткені мұндай отбасыларда кедейлік әкеден балаға «мұраға» беріледі, соның салдарынан дер кезінде дұрыс білім ала алмаған, материалдық жағдайын жақсарту мүмкіндігі шектеулі балалардың ертең өскенде жоқшылықтың шеңберінен шыға алмай қалу қаупі үлкен»,– дейді әлеуметтанушы сарапшы.
Сарапшылардың айтуынша, кедейлік ұлттың денсаулығын, жұмысқа қабілеттілігін, демографиялық, ғылыми-мәдени әлеуетін құрады. Осы мысалдардың бәрі Қазақстанда балалар кедейлігінің бар екенін мойындау керек екенін көрсетеді. Бұл мәселені шешу мемлекеттің стратегиялық маңыздағы міндеттерінің біріне айналуы тиіс.
«Кедейлік сезімі баланың санасында тек ата-анасы табысының төмендігі әсерінен ғана емес, ең бірінші өзін өзгелерге қарағанда қор көруі кесірінен де қалыптасады. Қарсыластары жарқырап киініп, не ішемін, не жеймін демей уайымсыз жүргенде, кедей отбасылардан шыққан балалар қорынып, көпшілік бас қосқан жерден алшақтай береді. Сөйтіп, қоғамның назарынан тысқары қалып қояды»,– дейді Шолпан Әйтенова.
Кедейліктің енді бір өлшемі – жоғары сапалы білім алу мүмкіндігінің теңсіздігі. Мына дағдарыстың салқыны ұлттық білім беру жүйесіне де аяусыз соққы болып тиіп жатыр. 2020 жылы Қазақстан әлемдегі үздік білім беруші 73 мемлекеттің ішінде 70-орында тұр. Біз Ливан мен Мьянманың арасына жайғасыппыз. Ал үздік бестікте АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция орналасқан. Сондықтан сапалы білім іздеген жастарымыз шетелге ағылады, ал өздері күндерін әзер көріп отырған кедей отбасылардың балалары оқу қуып, шетел асуы некен-саяқ.
ТҮЙІН:
Әрине, адам өмірінде табыстың та әсері бар шығар. Дегенмен баланың кәсіби маман атануына бұл басты мөлшер деп айта аламыз ба? Рас, кейде тұрмысы төмен отбасылар балаларын ақысы қымбат мектептерде оқытуға мүмкіндігі жоқ. Аса таланттылары немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы оқуға іліккен санаулылары болмаса, АҚШ-тың, Лондонның және Париждің таңдаулы жоғары оқу орындарына түсіп кеткендері ілуде біреуі ғана. Ал бүгінгі заманның басты қаруы – білім. Сапалы білім алмаған бала ертең өскен соң табысы мол жұмысқа да тұра алмайды. Еңбек нарығындағы қатаң бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Балалар кедейлігі туралы айтқанда, біз осы мәселеге баса назар аудартқымыз келді.
Мәтіндегі ақпарат туралы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через