Каспийге тартылатын көпір
Орталық Азия өңіріндегі жалпы әлемдегі жабық әрі нейтралитет ұстанған ел – Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов Гарабогазгол шығанағын Каспий теңізімен жалғайтын автомобиль көпірін салу үшін халықаралық тендер жариялады.
Egemen Qazaqstan
Түрікменстан президенті осы жөніндегі тапсырманы Балкан уәлаятының транспорттық және логистикалық инфрақұрылымымен танысу барысында жасаған сапары барысында берді. Түрікмен елінің ең ірі уәлаяттарының бірі саналатын Балкан өңірінде мұндай тапсырманың берілуі тегін емес. Себебі елдің 30 пайызға жуық территориясын алып жатқан аталмыш өңір Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектеседі. Түрікменстан президентінің сөзіне сүйенсек, жаңа көпір Түрікменстан – Қазақстан халықаралық көлік маршрутының маңызды инженерлік бөлігі болмақ.
Спутниктен түсірілген картаға қарағанда Каспий теңізінен жіңішке шығанақ бөліп жатқан Гарабогазгол көлінің экономикалық маңызы ерекше. Минералды заттарға аса бай аталмыш шығанақта глаубер тұзы немесе мирабилит өндіріледі. Сульфаттар класының минералына жататын мирабилиттен шыны мен бояу түрлері және медицина мен ветеринарияға қатысты кейбір дәрі-дәрмек түрлері өндіріледі.
Осы себепті болса керек, Түрікменстан президенті елдің ғылыми-зерттеу институттарына шығанақтың химиялық шикізат мөлшерінің қорын анықтап, негізгі табиғи ерекшеліктерін нақтылай отырып, бұл бағытта кешенді түрде жұмыс жүргізуді тапсырған. Одан бөлек, шығанақта күкірт қышқылы мен натрий тұзының және тыңайтқышқа қажетті өзге де шикізат қорлары көл түбінен табылған. Әсіресе, қазіргідей жемшөптен шаруалар қысылып, қуаңшылық қысқан тұста көршілес Қазақстандағы ахуалды бағамдаған түрікмен тарапының тыңайтқыштарға қажетті шикізат өндіруге көңіл бөліп, экономикалық тұрғыдан тиімді қадамдар жасап жатқаны байқалады.
«Бұл – Ашхабад – Түрікменбашы автомагистраліне қосыла отырып, жолдың өткізу қуатын арттырып, көршілес елдермен арадағы сауда көлемін ұлғайта түсуге мүмкіндік беретін көпір», деген еді Г.Бердымұхамедов. Көпір құрылысы сәтті аяқталса, пандемия уақытында қысылып қалған елдер экономикасына шығанақ пен теңізді жалғайтын көпірдің қан жүгіртері анық.
Ертеректе Каспийдің екі шетін жайлаған түркі тектес екі халықтың арасында үрей туғызған Гарабогазгол (Қарабұғаз көлі) өте қауіпті болған. Он мың шаршы шақырымға жуық аумақты алып жатқан көл аумағының айналасы Қарақұм шөлімен қоршалған. Параллель орналасқан Каспий көліне ақпайтыны белгілі. Сондықтан су буға айналып, қалдығы тұзға айналған.
Қазіргі кезде экологиялық порталдардың жазуынша, Гарабогазголдың тұздылығы әлемдегі ең үлкен көл – Каспий теңізінен отыз есе көп. Мұнда тіршілік атаулы мүлде кездеспейді. Дегенмен, адамдар тұзды кәсіп қылып, бертінде сауда жолға қойылған.
Сондықтан да болса керек, Гарабогазголдың ең алғашқы картасы 1715 жылы І Петр патшаның тұсында түзіліп, арнайы Каспий экспедициясы осы көлді зерттеуге арналғанымен, одан кейінгі жүз жылда зерттеушілер қауіпті көлден айналып өтуге тырысқан. 1836 жылы тағы бір экспедиция шыққанымен, мұнда кемемен келуге болмайды деген дәйектермен тағы да назардан тыс қалады.
Тек өткен ғасырдың сексенінші жылдары көл мен теңіз арасын дамбамен жаппақ болған кеңестік биліктің сауатсыз экономикалық жоспарлауының салдары экологиялық дағдарысқа алып келді. Сол тұста Қазақстандағы Арал теңізі де тартылып, Сібірдің өзендерін алып келмек болған КСРО-ның «ғасыр жоспары» қағаз бетінде қалған.
Құмды дауыл мен тұзды желдің салдарынан жүздеген шақырым айналадағы дала қурап, мал қырыла бастайды да, кеңес мемлекеті құлаған соң тәуелсіз Түрікмен елі жоғарыда жазылған дамбаны жарып, төңіректі табиғи қалпына келтіреді. Каспий теңізінің суы да көтеріліп, аймақтағы ахуал түзеледі.
Аталған көпір мен жол құрылысы туралы 2019 жылы айтыла бастаған. Қазіргі таңда Түрікменстан мен Қазақстанды кеңес заманында төселген топырақ жол жалғап жатыр. Сараптамалық бағыттағы кей басылымдардың жазуынша, жаңа жолдың ені – 22,5 метрді құрап, Каспий теңізін жағалай түсетін көпірдің ұзындығы – 354 метр болады деп жоспарланған.
Әзірге көпір құрылысына кететін қаражат көлемін түрікмен тарапы әлі нақты айтпаған. Қазақстан болса, өз тарапынан Түрікменстанмен шекарасына дейін апарар жолдарды реконструкциядан өткізеді.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
egemen.kz сайтынан алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через