фото: https://sputnik.kz
Каспийде круиз туризмін дамыту қолға алынады
Маңғыстауда жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Облысқа барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің туризм саласында Маңғыстаудың алатын орны айрықша екенін айтты.
"Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте, Маңғыстаудың алатын орны айрықша. Оның ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар", - деді Тоқаев.
Ақтауда іске асырылып жатқан "Жылы жағажай" инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Мемлекет басшысы үкіметке туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Болашақта Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылады. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қолға алынбақ.
"Үстірт, әсіресе Бозжыра мен Шарқала – экологиялық туризм үшін таптырмас мекен. Өңірлік туризмді дамыту қысқа уақытта жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік тәжірибе. Көбіне оны бизнестің өзі іске асырады. Жергілікті билік тек оларға кедергі болмай, жағдай жасауға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев іс сапары барысында облыстың тарихи әрі мәдени орындарына ерекше назар бөлу керектігін айтты.
"Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жер асты мешіттерін ерекше атап өтуге болады. Мұндай нысандар дүние жүзінде де бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Әсіресе, төл мәдениетімізде ерекше орны бар Мұрын жыраудың және Серікбол Қондыбайдың мұражайы назардан тыс қалмауы керек", - деді президент.
Оның айтуынша, "Арғықазақ мифологиясы" атты төрт томдық іргелі жұмыстың авторы Серікбол Қондыбай артына орасан зор ғылыми мұра қалдырды. Қасым жомарт Тоқаев Қондыбайдың еңбектері ұлттық деңгейде дәріптелуі керек, деді.
Президент туризмді дамытумен қатар өңірдің аң-құсын және экожүйесіндегі тепе-теңдікті сақтау мәселесін айрықша назарда ұстау керектігіне тоқталды.
sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через