Кәмпитке қақалған қыз қалай құтқарылды?

Кәмпитке қақалған қыз қалай құтқарылды?

Алматылық полицей кәмпитке қақалып қалған қызды қалай құтқарып қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Standard.kz порталы. 

Алмалы аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бақдәулет Мамыров өткен мереке күндері қайғылы оқиға бола жаздағанын айтып берді. Polisia.kz хабарлағанындай Бақдәулет күні бойы қаланың қоғамдық орындарында тәртіпті қамтамасыз етіп, кешкісін үйіне қайтып бара жатқан.

 Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйел адамның айғайлаған дауысын естідім. Тоқтадым, жүгіріп бардым, әйелдің баласын құтқармақ болып жатқанын көрдім. Ол кішкентай қыздың кәмпитке қақалып қалғанын айтты. Мен өте жылдам әрекет еттім, автоматты түрде: баланың басын төмен қаратып көтердім, арқасынан бірнеше рет ұрдым, кәмпит аузынан ұшып кетті. Барлығы өте тез болды. Мен қыздың атын да сұрамадым, өзімді де таныстырмаппын. Баланың аман қалғанына бәріміз қуандық. Бұл менің полиция қызметкері ретіндегі борышым, – деді Мамыров.

Учаскелік инспектор бұл жағдайдың соңы қайғылы болуы да мүмкін еді дейді. Полицей сәбидің өмірін аман алып қалғанына шүкіршілік ететінін жасырмады. Бақдәулет Мамыровтың ұлы өсіп келеді. Қазір ол бір жаста. Өтіп бара жатқан адам түсірген түсірілімнің сілтемесі мына жерде.


Фото Polisia.kz.