фото: https://sputnik.kz
Израильдің бас раввині коронавирус адамзатқа не үйреткенін айтты
Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосиф коронавирус адамдардың Құдайға деген сенімін күшейткенін айтты.
"Коронавирус Құдайға деген сенімді күшейтті. Себебі адамдар бәрі бізге байланысты емес екенін түсінді. Тіпті кішкентай вирустың алдында қауқарсыз болып қалдық. Бәрі Құдайдың қолында. Баршамыз Жаратушыдан індет пен соғыстан сақтап, әлемді жақсарта түссін деп тілейміз. Әйтсе де дұғамыз қабыл болуы үшін не істей аламыз? Жаман әдеттерден арылып, бір-бірімізге құрметпен қарауымыз керек", - деді Ицхак Йосиф Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде.
Ол дін көшбасшылары өзгелерге үлгі көрсетуге тиіс екенін атап өтті.
"Діни лидерлер шыдамдылық, төзімділік, жаман қасиеттерден арылу, бір-біріне құрмет пен ізет көрсетудің үлгісіне айналып, адамдарды жақсылыққа үйрету керек", - деді бас раввин.
Айта кетері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі екі күнге созылады. Шараға елу елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Діни форумға Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через