Сарапшы мұның себебін жоғары білім мен нарықтың қабыспайтынымен байланыстырады.
Технологиялық жобалар жетекшісі Садық Шерімбек Aikyn.kz басылымына берген сұхбатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау жөніндегі шешіміне қатысты пікір білдірді.
"Министрдің амбицияға толы бұл бастамасы қуантады. Бірақ материалдық база 100 мың маман дайындауға жетпейді. 2025 жылға дейін нарықтық-базалық сұранысты өтейтін тым болмағанда сапалы, сауатты 10 мың маман даярлайтын болса, мұның өзі – жетістік. Елімізде бағдарламашы-инженер мамандығын бітірген қаншама күзетші, даяшы, саудагер және тағы басқасы бар. Осы саланы оқыған неше мың адам нарықта жұмыс істеп жатқан жоқ. Өйткені жоғары білім мен нарық бір-бірімен қабыспайды, деңгейлес емес", – деді Садық Шерімбек.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда ІТ мамандығы бойынша университеттік білім алған жастарға жұмыс табу қиын.
"Елімізде жақсы маман дайындайтын 3-4 ЖОО бар шығар, оның өзінде ұстаздың білімінен емес, сол жерде қалыптасқан ізденуге құмар ІТ ортадан мамандар шығады. Ал қалған университеттер диплом береді, бірақ білімді, білікті маман дайындамайды. Өкінішке қарай, тіпті кейбір бетке ұстар білім ордаларының өзі өткен ғасырда қалып кеткен бағдарламалау тілдерін оқытады. Бұл оқу бағдарламасы ғылыми жұмыстар үшін пайдалы болатын шығар, бірақ, нарықты қамти алмайды", – деді сарапшы.
Садық Шерімбек әлем елдерінің ІТ саласы бойынша жоғары білімнің қажеттілігін сезініп отырмағанына тоқталды. Бұл салада керісінше, өз бетімен ізденіп, жоба жасаған жастарға сұраныс бар.
"Қазақстанда университет бітірген мамандардың 5-10 пайызы нарыққа барып жұмыс істейтін шығар. Ал халықаралық компаниялардағы мамандардың 70-80 пайызы – басқа саладан келгендер", – деді Садық Шерімбек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через