Испанияда жанартаудың атқылауы 84 күнге дейін созылуы мүмкін Бір қарағанда бұл қорқынышты фильмнің үзіндісі болып көрінуі мүмкін. Алайда ол Испанияың Пальма аралында түсірілген видео. Мұнда бір аптадан астам уақыт бойы жанартаудың атқылауы тоқтамай тұр. 200 гектар егіс алқабы бүлінді. Тұруға жарамсыз болып қалған баспанада есеп жоқ. 6 мыңнан астам адам үй-жайын тастап, уақытша орталықтарға көшірілді. Ал жергілікті мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар жанартаудың атқылауы 24 күннен 84 күнге дейін жалғасуы мүмкін дейді.
Үндістанның шығысында Гулаб дауылы ойран салды. Күшті желмен бірге нөсер жауып, ағаштарды тамырымен жұлып әкеткен. Электр сымдары үзілген. Қауіпті аймақтан 100 мың адам эвакуацияланды. Табиғат апатынан 1 адам көз жұмып, тағы бірнеше тұрғын ізім-ғайым жоғалды. Желдің күші сәл бәсеңдеді. Алайда су тасқынының қаупі сейілген жоқ. Өңірде теміржол қатынасы тоқтап тұр. Қытайда лай көшкіні жүріп, 10 адам жоғалып кетті Үндістанмен көршілес Қытайда да бірнеше күн бойы нөсер басылмай тұр. Сычуань провинциясында су тасқыны лай көшкініне ұласып, 10 адам жоғалып кеткен. Ал Хэнань провинциясының билігі 8 мың тұрғынды эвакуациялады. Табиғат апатынан 1 адам опат болып, із-түзсіз жоғалған екі тұрғын әлі табылмады. Табиғат апатынан негізінен ауыл тұрғындары жапа шеккен.
Ауыл басшылары халықты эвакуациялау жұмыстарымен айналысып жатыр. Тұрғындар мектеп, қонақ үйлер мен басқа да ғимараттарға көшірілді. Олар баспанадан бөлек тегін тамақ пен қажетті деген тауарлармен қамтамасыз етіледі. Вьетнам тұрғындары белуардан су кешіп жүр. Тұрғындар белуардан су кешуге мәжбүр. Жақында Дьянму тропикалық дауылы ойран салған еді. Желмен қоса нөсер жауып, соңы су тасқынына ұласты. Қаза тапқандар жоқ. Бірақ 600 үйге нұқсан келді. Біраз егіс алқабы бүлінді. Мамандар өңірлерге тек қайықпен қатынап жатыр. Таиландта провинциялардың үштен бірін су басты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Таиланд тұрғындары да белден келетін су кешіп жүр. Мұнда қазір жауын-шашын маусымы жалғасып жатыр. Салдарынан елдегі провинциялардың үштен бірін су басқан. Жығылғанға жұдырық, тропикалық дауыл соғып, жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Одан 60 мың отбасы жапа шеккен. Мамандар ел атанасы Бангкок пен 10-нан аса провинциядағы жағдай күрделі екенін ескертіп отыр. Өйткені алдағы күндері су деңгейі көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Түркияда қайтадан орман өртенді Түркияда қайтадан орман өртеніп жатыр. Мамандар Мугла провинциясындағы тілсіз жауды 10 сағат дегенде әрең сөндірген. Оның алдында тағы 8 аумақ өртенген. Биыл жазда Түркия алапат орман өртінен зардап шеккен еді. От 160 мың гектар аумақты күлге айналдырды.
Мәтіндегі ақпарат туралы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через