"Импорттан экспортқа": Шымкентте жаңа кәсіпорын ашылды

"Импорттан экспортқа": Шымкентте жаңа кәсіпорын ашылды

    Шымкентте Орталық Азияда теңдесі жоқ алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын ашылды.

    Жүзден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтитын зауыт Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Республика күні қарсаңында іске қосылды.

https://informburo.kz/storage/photos/124/63553ae154a32.jpeg
    Ашылу салтанатына арнайы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, кәсіпорынның алдағы жоспарларымен танысты. 

    Жалпы алюминий экологияға зиянсыз. Ал пайдасы – құтыны бір емес, бірнеше рет өңдеп, өндірістен қайта шығаруға және оны пайдалануға болады.

https://informburo.kz/storage/photos/124/63553b50791cd.jpeg

    "QAZALPACK" компаниясы – жоғары стандартқа сай жасалған ең озық үлгідегі заманауи өндіріс. Алдағы уақытты Шымкенттегі сусын түрлерін өндіруші саланың қарқынды дамуына септігін тигізеді деген сенім бар дейді жауаптылары. "Оңтүстік" индустриялық аймақта орналасқан бірегей жобаның аумағы 20 000 шаршы метр. Қуаттылығы жылына 600 млн альюминий банка шығаруға жетеді. Өнімдерімен Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай,  экспортқа  шығаруға қауқары бар.

https://informburo.kz/storage/photos/124/63553b6a712bd.jpeg

    Министр аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, мегаполис экономикасын өркендетуде осындай өндіріс орындарының үлесі басым болуы қажеттігін айтып өтті.

https://informburo.kz/storage/photos/124/63553b8511db7.jpeg

    Ал қала басшысы Мұрат Әйтенов Шымкентте мемлекеттік  қолдаудың арқасында жыл санап жаңа өндіріс орындары артып келе жатқанын айтты. 

    "Бүгін Орталық Азиядағы алюминий банкалар шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы аяқталды. Өз кезегінде жаңа тың жобаны іске асырған компания ұжымын құттықтаймын! Біз еліміздегі үшінші мегаполистің экономикасына ауқымды инвестиция тартумен қатар, жоғары стандарттарға сай келетін өндірісті дамытып, импорттық үлесті азайту бағытында жұмыс істейтін боламыз", – деді ол.

https://informburo.kz/storage/photos/124/63553ba00b6fd.jpeg

    Алдағы уақытта жоба аясында  газдалған және газдалмаған, төмен алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі, оңай ашылатын қақпағы бар алюминий банкаларын шығару жоспарланған.

    Informburo.kz