фото: https://sputnik.kz
Halyk Bank "Сбербанк Қазақстаннан" 330 млрд теңгенің кредиттерін сатып алды
Кредиттері Halyk Bank-ке ауысқан клиенттер үшін ештеңе өзгермейді
Цессия келісімшарты бойынша Halyk Bank "Сбербанк" АҚ еншілес банкі клиенттерінің кредиттік портфелінің бір бөлігін сатып алды. Келісімге банк басшылары қол қойды.
Мәміле Қазақстан даму банкінің жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша рәсімделген автокредиттерді, кепілсіз кредиттердің бір бөлігін, шұғыл қажеттілікке берілген қарыздар мен ипотекалық кредиттерді қамтыды. Halyk Bank-ке тапсырылған кредиттер бойынша негізгі борыштың жалпы мөлшері 330 млрд теңгені құрайды.
Ал 1 сәуірдегі жағдай бойынша "Сбербанк" АҚ еншілес банкінің тұтынушылық қарыздарының кредиттік портфелі 1,1 трлн теңге болған.
"Сбербанк" АҚ еншілес банкінің басқарма төрағасы Елдар Теңізбаев несиелерді табыстау жалпыға ортақ практика және банк секторында қалыпты процедура екенін атап өтті.
"Біз әрдайым клиенттер алдында да, мемлекет алдында да өз міндеттерімізді орындауға тырысамыз. Бүгінгі күні Сбербанк Қазақстан мемлекеттің барлық ақшасын, соның ішінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша берілген қаражатты қайтарды. Кредиттік портфельдің бір бөлігін беру – қаржы саласында таралған практика. Клиенттер ешқандай ауыртпалықсыз басқа банкке ауысады. Біздің серіктесіміз үшін бұл – қарыз портфелін ұлғайту мүмкіндігі. Ал бізге бұл келісім клиенттеріміздің қажеттілігін қамтамасыз етуге қажетті қосымша өтімділік береді", - деді Елдар Теңізбаев.
Қазіргі таңда жеке тұлғалардың кредиттерін көшіру процесі бірқалыпты өтіп жатыр, деп атап өтті Halyk Bank.
"Сбербанк Қазақстан" клиенттерінің кредиті бойынша шарттар, атап айтқанда, қалған берешек сомасы, несиелеу мерзімі, айы сайынғы төлем және несиелеу ставкасы өзгеріссіз қалады. Қарыздарды басқа банкке тапсыру клиентке қосымша шығын әкелмейді.
Сондай-ақ, бұл қарыз алушының кредит тарихына кері әсер етпейді. Ең бастысы, клиент ай сайынғы төлемін уақытында төлеп отыруы керек. Кесте бойынша кредитті өтеу күні өзгермейді. Осылайша, кредиттері Halyk Bank-ке ауысқан клиенттер үшін ештеңе өзгермейді.
Қазақстандықтар жаңа банкке кредитті қалай төлейді
Егер Сбербанк Қазақстанның қарыз алушысы бұған дейін Halyk Bank клиенті болмаса, ай сайынғы кредитті төлеу үшін ол Halyk Homebank мобильді қосымшасын жүктеп алуы қажет. Тіркеуден өткен соң, несиені өтеуге арналған пластиксіз Halyk Bonus Digital цифрлық картасы ашылады.
Егер клиент қаласа, Homebank қосымшасы арқылы пластикке тапсырыс бере алады. Сондай-ақ Halyk Bank бөлімшесінде картаны жылдам ашуға мүмкіндік бар.
Ай сайынғы төлем Halyk Bank картасынан/шотынан автоматты түрде алынады. Сол себепті клиент карта немесе ағымдағы шотын тұрақты түрде толтырып отыруға тиіс.
Шотты банктің бөлімшелері, Cash-in опциясы бар АТМ, банктің төлем терминалдары, Kassa24 төлем терминалдары, QIWI немесе басқа банктен цифрлық картаға ақша аудару арқылы тегін толтыруға болады.
Егер клиент ай сайынғы төлемді өтеу үшін "Сбербанк" АҚ еншілес банкінің шотына 2022 жылғы 11 сәуірге дейін ақша салса, онда оның ай сайынғы төлемі төленген болып саналады. Егер кредит төлеу мерзімі 11 сәуірден кейін болса, қарыз алушы Halyk Bank бөлімшелерінде немесе картаны жоғарыда айтылған әдістермен толтыру арқылы несиесін өтеуі керек.
Егер клиент басқа банкке берілген несиені жабу үшін "Сбербанк" АҚ еншілес банкінің шотына ақша салып қойса, онда ол Сбербанк Қазақстан бөлімшесіне барып, шоттағы қаражатын шешіп, Halyk Bank-те төлем жасауы керек. Одан кейін клиент әдеттегідей төлей бастайды – ай сайын карта немесе ағымдағы шотын толтырады, кредит толығымен өтелгенге дейін төлем кестеге сәйкес автоматты түрде алынып отырады.
2022 жылғы 13 сәуірден бастап кредиттері Halyk Bank-ке берілген клиенттер өз несиесінің статусын ЖСН арқылы банктің сайтынан тексере алады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через