Гиссар тұқымы Қазақстанның қой шаруашылығын дамыта ма?

Гиссар тұқымы Қазақстанның қой шаруашылығын дамыта ма?

Гиссар қойының салмағы 180 келіге дейін жетеді.

Гиссар әлемдегі ең ірі қой тұқымы деп айтылып жүр. 2021 жылы Түркістан облысында бір қошқар рекордтық баға – 18 миллион теңгеге сатылды. Ал оның бір қозысы 200-300 мың теңгеге бағаланады. Ал қарапайым қазақтың ірі қойы 50-60 мың теңге ғана тұрады. Неліктен гиссар тұқымы қымбат? Ол Қазақстанда қой шаруашылығын дамыта ала ма? Қазақтың қойлары гиссардың тасасында қалып кетпей ме? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап іздеді. 

Бұл қандай қой?

Гиссар қойы – қылшық жүнді, еті майлы келетін құйрықты қойдың бір тұқымы. Тұқым Орталық Азияда, негізінен Тәжікстанда таралған. Бұл тұқым осы Тәжікстанда Гиссар алқабының таулы жайлауларында халықтық селекция арқылы өсірілген және әлі күнге дейін жергілікті мал өсірушілер арасында танымал болып отыр. Оны май құйрықты қойлардың жеке тұқымы деп атап жүр.

Жүні – қара. Қошқардың жотасының биіктігі 85 см дейін, ал қойдың биіктігі 80 см дейін жетеді. Төс сүйегінің тереңдігі орташа есеппен 35 см құрайды. Салмағы 180 келіге дейін жетеді. 1927-28 жылдары Тәжік КСР-де мал шаруашылығы экспедициясы кезінде тірі салмағы 188 келі болатын гиссар қошқары тіркелген. 

Гиссар қойының басқа қойларға қарағанда қаңқасы мықты, кеудесі кең, құйрығы үлкен. Аналықтарда майлы құйрық орта есеппен 30-дан 40 сантиметрге дейін, қошқарларда орта есеппен 40-тан 49 см дейін жетеді. Қойлардың басы үлкен, дөңтұмсық, мойны қысқа да нығыз келеді. Мүйізі жоқ. Кейде кішкентай мүйізі болуы мүмкін.   

Мал шаруашылықтары тұқымды негізінен үш бағытта өсіреді: май құйрықты, етті құйрықты және етті бағытта. 

Күй талғамаушылығы мен төзімділігінің арқасында гиссар қойлары Өзбекстанның тау мен жайылым орнына шөл дала басым болатын батыс бөлігінде де ұсталады. Гиссар тұқымы тәжіктердің жартылай қылшық жүнді май құйрықты тұқымын жасауға және басқа май құйрықты тұқымдарды жақсартуға пайдаланылған.

Ең жақсы отарлар – Тәжікстан мен Өзбекстанда. Сондай-ақ, гиссар қойлары Түркіменстанда, Ауғанстанда, Қазақстанда және Қырғызстанда жиі кездеседі. Ресейде де осы тұқымды қойлардың аз саны бар, оларды негізінен Орталық Азия тұрғындары ұстау және сату үшін әкелді.

Бір қошқар – 18 миллион теңге

Қазақстанда кейінгі жылдары гиссар қойын өсіретіндер көбейді. Бұл тұқым қымбат болса да, оны сатып алатындар аз емес. Мысалы, сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев фермер Рустам Тұрғыновтан бойы бір метрден асатын, салмағы 176 келі тар­татын "Каштан" атты қошқарды 40 мың долларға, яғни 18 миллион теңгеге сатып алды. Каштанның қозылары кемі 1 000-2 000 АҚШ долларына бағаланады.

Қуаныш Мықтыбаев гиссар тұқымын 7 жылдан бері өсіріп келеді. Ол қошқарларды Ауғанстан мен Тәжікстан, Өзбекстаннан және қырғыз елінен әкеліп отырған. Оларды саулықтарға салып, басын көбейткен. Қозыларын Қазақстандағы гиссар шаруашылығына қызығатын адамдарға қолжетімді бағада сатып жүр. Мақсаты – асылтұқымды қойды көбейтуге үлес қосу.

Қырғыз елі "арашан" деген атаумен асылтұқымды қойға патент алған. Қазақстанда да патенттеу қолға алынып, оған қазақи гиссар деген атау берілмек.

Гиссар тұқымын өсіретін журналист Берік Сұлтан қошқарлары жайлы Facebook парақшасында жиі жазады. Ол жақында "Техас" атты гиссар қошқарын Қырғызстанға 3 мың АҚШ долларына, "Цезар" атты қошқарын 1500 АҚШ долларына сатқан.

"Алдын тек қошқарым бар еді. Сосын бір досым: "Берік біреуден қозы қошқар алып баққан бөлек, ал қой алып соған қошқар қойып, соның қозысын өсірген ол мүлде бөлек" деп кеңес беріп еді. Неге жасамасқа деп, былтыр жазда 15 қой алдым. Сөйтіп мықты қошқар қойдым.Бүгінге дейін 11 бас қозы туылды. Ең қызығы оның оны – еркек. (...) Қозыларымның бағасы қатты қымбат емес, 300 мың теңге. Мүмкін біреуге қымбат болып көрінетін шығар, бірақ сапалы нәрсе арзан болмайды. Негізі 4-5 айлығында емес, 1,5 жасар кезінде сатсам 2-3 есе қымбатырақ болады. Кейбіреуі 10-15 мың АҚШ долларына дейін баруы мүмкін. Бір ағамыз жүз мыңға қозы сатып, үш жылдан соң сол қошқарды 20 мың долларға қайта сатып ала алмай отыр" – деп жазды ол Facebook парақшасында.

"Гиссар – қой шаруашылығын дамыта алмайды"

https://informburo.kz/storage/photos/84/62bd2d53cba5f.pngҚазақстанның қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев гиисар әлемдегі ең ірі қой тұқымы емес екенін айтады. Оның сөзінше, бірінші орында – франциялық тұқым, одан кейін – қазақтың Еділбай қойы.

"Гиссар қойы қымбатқа сатылып жатқаны пирамида сияқты болып жатқан дүние. Нақты малдың өзінен гөрі оның жарнамасы жақсы болып тұр. Содан әрі қарай саудаланып, қымбатқа бағаланып жатыр. Яғни, маркетингі жақсы", – деді ол.

Алмасбек Садырбаев Қазақстанның қой шаруашылығымен айналысып жүрген азаматы ретінде елімізде гиссар деген тұқым жоқ екенін атап өтті.

"Оның ешқандай құжаты жоқ. Ол қой – Түркіменстанда. Гиссар тұқымы Қазақстанда қой шаруашылығын дамыта алмайды. Біздің мақтанышымыз – Қазақстанның Еділбай қойы, соны дамытумен айналысу керек. Оның көрсеткіштері гиссардан да жақсы. Қазақтың қой тұқымдары гиссардың тасасында қалып кетпейді. Қазақстанда негізінде 24 қой тұқымы белгіленген, оның әрбірінің өзіндік орны бар. Әлемдегі ең ірі тұқымдардың бірі – қазақтың Еділбайы. Бүкіл әлем гиссар деген қой тұқымын білмейді. Бұл – жақсы жарнамаланып жатқан алдамшы жол", – деді ол. 

Сарапшы гиссарды әзірге қойдың тұқымына жатқызуға болмайтынын, бұл будандастырылған мал екенін айта кетті. Ол тұқым шығару үшін ғалымдар еңбектеніп жатқанын айтады.