фото: instagram.com/ulytaumen
Атыраудан әлем елдерін жаяу аралауға шыққан ақсақал Грузияға жетті.
Ұлытау облысының тумасы Сәрсенбай Қотырашов Грузия Республикасына жеткенін Іnstagram әлеуметтік желіcіндегі парақшасында бөлісті.
«Кеше Гудауридегі қонақүйге қондым. Мұнда қонақүй, мейрамхана көп, азық-түлік дүкенін көрмейсің. Жолы ылди, шұғыл бұрылыстар бар. Міне, мен қазір таудың баурайында кетіп бара жатырмын. Жолдың бір жағы – жар, бір жағы – ылди», -дейді егде жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов.
Гудаури – Грузияның астанасы – Тбилисиден 120 шақырым қашықтықтағы кент. Оған Тбилисиден көлікпен 2 сағатта жетуге болады.
Саяхаттау ешқашан кеш емес дейтін 73 жастағы ақсақал 2 тамызда Атыраудан жолға шыққан.
Егде жастағы саяхатшы жаяу сапарын 2025 жылдың тамызында аяқтауды жоспарлаған. Екі жылға созылатын жаяу сапары үш кезеңге бөлінген.
Бірінші кезеңінде Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне 100 күнде жету. Аталған елдерге дейінгі қашықтық 3 мыңға жуық шақырымды құрайды.
Ал, екінші кезеңде Түркия, Франция, АҚШ елдеріне 180 күндік саяхатын бастайды. Бұл елдерді аралау үшін 9 мың шақырымнан астам жол жүреді.
Үшінші кезеңдегі сапарында АҚШ пен Қытайға, Моңғолияға барады. Одан соң Ресей арқылы Қазақстанға оралуды көздеп отыр. АҚШ-тан Қазақстанға жеткенге дейінгі 130 күнде 4 мың шақырымнан асатын жолды артқа тастайды.
«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді», -деген еді Сәрсенбай Қотырашов.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через