Ғарышқа бірнеше рет барып келетін ұшақ жасалды

Ғарышқа бірнеше рет барып келетін ұшақ жасалды
фото: Фото autoevolution.com сайтынан алынды

Ғарышта үстемдік жүргізу бәсекесінде оны игеруге арналған аппараттарды сынауды көптеген мемлекет жүргізуде. Жақында NASA агенттігі Sierra Space компаниясы әзірлеген көп рет пайдалануға болатын ғарыш ұшағын сынауды бастады. Ұшақ ғарышта жүк тасымалдау жүйесіне революциялық өзгеріс енгізеді деп күтілуде.

Жаңа ғарыш аппараты NASA-ның Нил Армстронг сынақ кешеніне жақында ғана алып келген. Технологиялық жаңалықтар жариялайтын bgr.com сайтының хабарлауынша,  Dream Chaser ұшағын сынаудың соңғы кезеңі басталған.

Dream Chaser 2024 жылдың көктемінде алғашқы ғарыш сапарына шығады. Ғарыш кемесін Sierra Space компаниясы әзірлеген, көп рет пайдалануға болатын ғарыш ұшағының атауы – Dream Chaser. NASA агенттігі Dream Chaser ұшағын Халықаралық ғарыш стансасына жүк тасымалдау үшін қолданғысы келетінін мәлімдеді. Ұшақ ғарышқа жүк тасымалдауға қолданылатын бірнеше коммерциялық ғарыш аппараттарының бірі ғана.

Жаңа кеме ғарышқа зымыранның көмегімен шығарылады, ал Жерге қайтқанда ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағына қона алады. Оның сыртқы дизайны NASA-ның бұрынғы ғарыштық Шаттл бағдарламасында қолданылған кемелерге өте ұқсас.

Қайта пайдалануға болатын ғарыш ұшағы кем дегенде 15 ұшуға арналған және NASA-ның Лэнгли зерттеу орталығы әзірлеген HL-20 ғарыш кемесінің негізінде жасалған. Sierra Space компаниясы коммерциялық ұшу-қону жолақтарын пайдалану арқылы Dream Chaser ғарыштық тасымалдауда төңкеріс жасайтынын айтады.

Dream Chaser ұшағына жүк таситын қосымша модуль орнатылады. Shooting Star деп аталатын модуль «ғарыш стансасына жүктерді жеткізу» үшін арнайы әзірленген. Дегенмен модульдің өзі бірреттік ғарышқа шығуға арналған. Әр миссия кезінде ғарыш ұшағына жаңа модуль тіркелетін болады.

 Фантастикалық ұшақ осындай:

Dream Chaser ғарыш ұшағы барлық сынақтардан өткеннен кейін ол Халықаралық ғарыш стансасына жабдықтар жеткізу мен Жерге қайтарда қажетсіз керек-жарақтар мен қоқыстарды алып кету сияқты миссиялар үшін пайдаланылмақшы.

Әзірше, Sierra Space бірнеше рет пайдалануға болатын ғарыш ұшағын басқа қандай мақсаттарда пайдаланатын жоспарларымен бөліспей отыр. Әскерилер үшін де мұндай ұшақтың қажеттілігі зор болуы мүмкін.

ҚазАқпарат