LVMH (Louis Vuitton Moet Hennessy) компаниялар тобының президенті Бернар Арно Forbes журналының нұсқасы бойынша 2023 жылғы ең бай адамдардың көшін бастады.
LVMH басшысының табысы мен акциялары рекордтық жоғары дәрежеде тұр. Осылайша Арноның байлығы кейінгі 12 айда 53 млрд долларға өсіп, 211 млрд долларға жеткен. Бұл миллиардерлер арасындағы ең көп табыс көрсеткіші.
Бұрын көш басында тұрған Tesla және SpaceX компанияларын басқаратын және Twitter компаниясының иесі Илон Маск екінші орынға түсті. 2022 жылмен салыстырғанда Маск 39 млрд долларға дейін жоғалтты. Қазір оның мүлкі 180 млрд доллар деп бағаланып отыр.
Үшінші орында 114 млрд доллар қаржысы бар америкалық Amazon корпорациясының негізін қалаушы Джефф Безос бар. Бұрын Forbes рейтингінде екінші орында тұрған Безос Amazon акциялары 38%-ға құлағандықтан 57 млрд долларын жоғалтып, үшінші орынға төмендеді.
Сонымен қатар жаһанның ең бай адамдарының ондығына Oracle корпорациясының негізін қалаушылардың әрі басшыларының бірі америкалық Ларри Эллисон ($107 млрд), америкалық Berkshire Hathaway компаниясының инвестициялық қорының басшысы Уоррен Баффет ($106 млрд), америкалық Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс ($104 млрд), америкалық кәсіпкер және саясаткер Майкл Блумберг ($94,5 млрд), мексикалық кәсіпкер Карлос Слим Элу ($93 млрд), үндістандық Reliance Industries басшысы Мукеш Амбани ($83,4 млрд) мен америкалық Microsoft компаниясының бұрынғы бас директоры Стивен Балмер ($80,7 млрд) енді.
Фото kp.vedomosti.ru, pdfmagaz.in
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через