Фонограммамен ән айтқан әншілердің үстінен шағым түсіруге болады

Фонограммамен ән айтқан әншілердің үстінен шағым түсіруге болады
фото: vk.com

Әншілер концерт фонограммамен өтетін болса, көрермендерге ескерту керек деген ереже енгізілді.

Қазақстандық әншілер концертте фонограммамен ән айтатынын тыңдарманға алдын ала айту керек.

 

 

Дегенмен, бұл жөнінде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер екі жыл бұрын енгізілсе де, бұл талап әлі күнге дейін орындалмай келеді. Көпшіліктің айтуынша, әншілердің жарнама афишасында да, билеттерде де ол туралы жазылмайды. Ал тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің өкілдері мұндай жағдайда көрермен фонограммамен ән айтқан әншілердің үстінен шағым түсіре алады, соған сәйкес өнер адамдары жазаланады дейді.

Қазір кейбір әншілер әдемі дауысымен емес, әнге арнайы эффектілер қосып жарысады. Яғни, компьютер жасап берген дауысқа еріп, ернін жыбырлатып тұратын “таланттар” көбейді. Ал екі жыл бұрын “Мәдениет туралы” заңға өзгерістер енгізілген еді. Соған сәйкес, әншілер жеке концертінде фонограмма қолданатынын көрермендерге алдын ала ескертуге тиіс.

ДИНАРА САБЫРОВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитетінің бөлім басшысы:

— Біз фонограммаға мүлде тыйым салғымыз келді. Бірақ осы саладағы кәсіпкерлер бұған қарсы шықты. Оның барлығы қосымша шығын деді. Сол себепті әншілер концерт фонограммамен өтетін болса, көрермендерге ескерту керек деген ереже енгізілді. Фонограммамен өтетін концерттің билеті сәйкесінше арзанырақ болу керек.

Turkistan.kz