Еуропада жұмыс ұсынған: Астанада 68 қазақстандықты алдаған алаяқ сотталды

Еуропада жұмыс ұсынған: Астанада 68 қазақстандықты алдаған алаяқ сотталды

       Астана соты 68 адамды Еуропада жұмысқа орналастырып беремін деп алдап ақша алған алаяққа үкім шығарды.  

      Сот хабарланғандай, сотталушы жеке кәсіпкер және ЖШС директоры ретінде арнайы тіркеліп, әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы Еуропада жоғары табыспен жұмысқа орналасуды ұсынған.

 

       "Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, фискалдық түбіртектердің көшірмелерімен, түбіртектермен, визалық қызмет көрсету туралы келісімдермен, еңбек келісім-шарттарымен, ақша аудару туралы өтініштермен, қабылдау-өткізу актілерімен, хат-хабарлардың скриншоттарымен дәлелденді", – деп атап өтті сот.

       Судьялар алаяқтың бұрын сотты болмағанын және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар екенін ескерді. Ер адам төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушілер одан келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

       Stan.kz