Бизнес және Біз

Бөлісу

Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер

Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер

Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер

Николоз Зардиашвили – етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер. Он бес жасынан бастап етікшілік өнермен айналысатын ол бүгінде жеке брендін қалыптастырып, тұтынушы назарына өзінің авторлық өнімдерін ұсынып келеді. «Адамдар өзінің маңдай термен тапқан қаржысына сапалы әрі сәнді, стильді, ең бастысы Қазақстанда жасалған етік кие алатынын білсе деймін», – дейді ол.

Бүгінде етікшінің шеберханасында өзінен бөлек бес шебер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз ісінің нағыз маманы. Бүгінде шеберлердің қолынан шыққан, таза былғарыдан жасалған аяқкиімдерді Қазақстаннның түкпір-түкпіріндегі тұрғындар киіп жүр. Шетелден де тапсырыс беретіндер бар екен. Кәсіпкер отандық өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып жатқанына қуанады. Сондықтан сапасымен қоса, бағасының да қолайлы болғанын құп көреді.

«Туған қалам Тбилисиден Алматыға келіп, жұмыс істеп жатқаныма жеті жыл болды. 15 жасымнан бастап еңбекке араластым, қолөнермен айналыстым. Кооператив қарқынды дамыған кез еді. Солардың бірінде жұмыс істейтін шебердің шәкірті болдым. Әрине, ол кезде етікшілік менің өмірлік ісіме айналады деп ойламаған едім. Бірақ адамдардың аяғының жылы жүруіне әрі жайлы болуына көмектесу өзіме ұнайтынын түсіндім. Сөйтіп, шеберлігімді шыңдай келе, аяқкиім жөндеп қана қоймай, етік тігіп, өзімнің жеке моделімді жасадым. Осылайша, бір кездері уақытша жұмыс деп санаған ісім өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Қазір жұмысымнан рахат аламын, ерекше қуаныш сыйлайды», – дейді Николоз Зардиашвили.

Әрине, етік тігу оңай жұмыс емес. Сатып алушының тапсырысын уақытында орындау үшін әрі өнім оның көңілінен шығу үшін кейде түнімен жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы, қандай қиын жұмыс болса да, шеберлер тұтынушының талғамындағы аяқкиімді тіге алады. Бастысы осы емес пе?!

«Етік тігуге отырған кезде бәрін ұмытамын. Жұмысыма жанымды салып кірісемін. Қандай материал қолданатынымды, дизайны қандай болатынын ойластырамын. Бұл жұмыс ұқыптылықты, мұқияттылықты талап етеді. Әрбір детальға, ұсақ-түйекке дейін мән беруің керек. Бізде дайын етіктер де бар. Сатып алушының өтінішімен арнайы тапсырыспен де тігеміз. Клиент қандай аяқкиім кигісі келетінін, дизайны қалай болу керегін өзі айтады. Аяқкиім тігуден басқа аксессуар, сөмке, аяқкиім жөндеумен айналысамыз. Тіпті, аяқкиіміңіздің бір жерін ит тістеп жұлып алса да, оны толығымен қалпына келтіре аламыз. Ресей, Түркия, Италиядан әкелінген материалды қолданамыз. Сонымен қатар импорттық дүниеден еш кем түспейтін отандық былғарыны пайдаланамыз. Шеберханам ақырындап кеңейіп келеді. Әзірге бес адам жұмыс істеп жатыр. Баға саясатын ақылға қонымды етуге тырысамын. Бізде жазғы жеңіл аяқкиімдерден бастап, қысқы етіктерге дейін бар. Кейінгі кезде отандық өнімдерге сұраныс артып жатқанын байқаймын. Адамдар «Қазақстанда жасалған» деген тіркеске мән бере бастады. Бұл – қуанатын нәрсе. Өз еліңде өзіңе арналып жасалған затты тұтынған мақтаныш және патриотизмнің көрінісі деп ойлаймын. Негізі, отандық өнім қымбат, танымал өндірушілермен иық теңестіре алады», – дейді кәсіпкер.

 

Кез келген аяқкиім кез келген костюммен немесе образбен сәйкес келе бермейді. Дұрыс модель таңдау үшін өнімнің ерекшеліктерін білгеніңіз маңызды. Аяқкиімнің түсі, биіктігі, материалы қандай? Соған мән беру керек. Тағы да айта кететін нәрсе, етіктің жартылай етіктен қалай ерекшеленетінін және оларды немен киюге болатынын бәрі біле бермейді. Мұндай жағдайда аяқкиімді қалай ажыратуға болады? Етік пен жартылай етік арасындағы негізгі айырмашылық өнімнің биіктігінде. Біріншісі, тобықтан жоғары болса, екіншісі оған әрең жетеді. Тағы бір маңызды айырмашылық бар. Етік тек суық мезгілге арналған, ал жартылай етікті жазда, күзде және көктемде киюге болады. Етікші аяқкиім таңдауда қателеспеу үшін осы айырмашылықтарды білуге кеңес береді. Аяқ­киімді кигенде жылы бола ма және аяғыңыз аяқкиімнің кескініне сай келе ме? Мұны да білгеніңіз абзал.

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – кәсібін одан әрі кеңейту. «Жоспарымды жүзеге асырып, алға қойған мақсатыма жету үшін тынбай жұмыс істей беремін. Әрине, жетістікке жету үшін жолда кедергілер кездеседі. Одан өте білу керек. Жұмысым – өмірімнің ажырамас бөлшегі. Сондықтан брендім туралы, біз тіккен аяқкиімдер жайлы көп адамның білгенін қалаймын», – дейді етікші.

 

https://turkystan.kz

 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!
Facebook Youtube Instagram Вконтакте Форум качества

Пікірлер

Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз

Авторизация через