Эстон спортшысы Бозжырадағы шатқалдардың арасын аспалы арқан бойымен жүріп өтті

Эстон спортшысы Бозжырадағы шатқалдардың арасын аспалы арқан бойымен жүріп өтті

Эстониялық танымал слэклайнер-спортшы Яан Роозе Қазақстанға келіп, әйгілі Бозжыра шатқалындағы «Қос азудың» арасын жалғаған аспалы арқан жолмен жүріп өтті.

Спортшы екі жүз метр биіктікте жарты шақырым қашықтықты жүріп өтті. Түсірілім 50 градус ыстықта және қатты жел соғып тұрған күні өтті.

«Бозжыра мен үшін үлкен сынақ болды. Ол менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Бозжыраның суреттерін көргенде қайран қалып едім. Ал, осында келіп, сол сұлулықтың бәрін өз көзіммен көрген кезде, тіпті таңғалдым. Бұрынғы мұхиттың орны деген дерек қиялыма қанат бітірді. Қазақстанға алғаш рет келуім. Маған бұл жердің халқы қатты ұнады: шетінен мейірімді, ақылды, өз ісін жақсы білетін адамдар екен», - дейді Яан.

Түсірілім бес күнге созылды. Мақсаты — Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру.

Ең басты міндеттердің бірі - шатқалдың табиғатына асқан ұқыптылықпен қарап, осы тарихи мекенге қатысты қойылатын экологиялық талаптардың бәрін толығымен орындау.

«Бүгінде Маңғыстау облысы Қазақстан туризміндегі басым тұрған бағыттардың бірі. Биылғы келген шетелдік саяхатшылардың саны бойынша, бұл өңір алғашқы озық бестіктің қатарына кірді. Маңғыстаудың әлемдік фильм-туризмінің орталығына айналу мүмкіндігі бар. Біз өз өлкеміздің айрықша сұлулығын ашып көрсете алатын бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек келетін адамдар табиғатымызға асқан ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы керек», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

Ежелде Ұлы Жібек жолы Маңғыстаудың жерін басып өткен. Ал Бозжыра аумағындағы бекініске ұқсайтын шатқалдардың бірі Қазақстан Республикасының мың теңгелік банкнотында бейнеленген.

«Сондай керемет жер екен. Мұндағы бірегей локацияны өз көзіммен көргеніме, оған қоса, адамның физикалық мүмкіндігі мен табиғаттың сұлулығын ұштастыра алғаныма қуанамын», - деді спортшы.

Яан слэклайнмен 12 жылдан бері айналысады. Бүгінде оны жүйкесі мықты атлет деп атайды. Өйткені бос тартылған аспалы жолмен жүрген кезде, спортшы тепе-теңдікті денесі мен қолын қимылдату арқылы ғана сақтайды. Ал желдің екпіні аспа жолды аяқтың астынан оңай жұлып әкете алады. Соның кесірінен адам тепе-теңдігін сақтай алмай қалуы мүмкін.

Бұл спортшы әлемнің үш дүркін чемпионы, әлемдік деңгейдегі талай рекордтың иесі, ең айрықша локацияларды бағындырған адам. Ол бірнеше рет голливудтық фильмдерде каскадер болып жұмыс істеген және Мадоннаның концерттік турына қатысты. Сол турдың аясында слэклайнер-нөмірлер көрсетіп, әншіге аспа жолмен жүруді үйреткен.

Дереккөз ҚазАқпарат.