Көргенді кісінің көңілі қашанда көл. Көптің де, аздың да қадіріне бойлай алады. Бұл әдет байырғы қазақтың тамырымен тіндесіп, мәдениетін тіпті көркем көрсеткен. Ал бүгін ше? Құндылықтар өзгерген тұста ұлттық болмысымыздың уығы шежірелі шаңырағымызды нық көтеріп тұр ма? Ойланып көріңізші... Әлде ескіден қалған есті әдепті есіктен әрі аттатпай, босағадан телміртіп қоямыз ба? Заман өзгерді дегеннің өзінде, бұл қылық бізге жараса ма? Бабалар аманаты дала мінезді халықтың жүрегінен нұр шашып тұруы тиіс еді ғой...
Иә, жасырып-жабары жоқ, бұрынғыдан бүгініміз мүлде бөлек. Жаңару, жаңғыру, тұтас эволюцияны тіршіліктің заңды құбылысы десек те, адами құндылықта, ұлттық болмыста өзгермеуі тиіс кодтық, жадтық дүниелер болатыны белгілі. Сенбесеңіз, салт-дәстүрімізді алып қараңыз. Оның біздің тумысымызбен біте қайнасып, тамырласып жатқанын іштей сеземіз. Ал одан бөлектену – ататектен жалғасқан түптамырдан ажырау екенін біріміз білсек те, біріміз енжар қарайтынымыз рас. Сол себепті де, осы ретте төл мәдениетіміздің мәйегі болған ғұлама ғұрпымыздың елеусіз қалған біріне тоқталып, саралап өткенді дұрыс көрдік.
Тарихтан таған тартсаңыз, қазақ деген ұлттың қабырғасы қаланған сәттен бастап, шет қонған өзге жұрттар «қонақжай халық» деп айдар тағып, көңілімізден су ішкен. Бұл пейілдің кеңдігінен, ниеттің түзулігінен хабар беретіні де белгілі. Мұның да алабөтен себебі жоқ емес. Арғысын айтпағанның өзінде әз Тәукенің атақты «Жеті жарғысында» қонақты күтіп алудың тәртібі мен үйіне қонақ етуден бас тартқан жағдайдағы айып мөлшері анық көрсетілді. Оған қоса бұл заңда үй иесінің пейілін ала алмаған жолаушының сол елдің би мен қазысына барып арыздануына болатыны да айтылған. Мұның бәрі бізді ұлт ретінде дарқандыққа, кеңдікке, кеңжүректілікке баулыды.
Кеңдік дегеннен шығады, қазақтың мәрттігі, жомарттығы – үйіне бейсауат та болса жолаушы түссе, бір ақсарбасын сүйрей келіп бата сұрайды. Артынан жік-жапар болып, ас-суын дайындайды. Осындағы біз айтқымыз келген бір дүние – мейманға бас тарту тәртібі. Мұны біз айтарын айтармыз-ау, бірақ қазақтың ақберен перзенті, атақты Бауыржан Момышұлынан асырып айта алмаспыз, сірә. Осыны ойлап баба сөзіне бойладық. Бұл туралы батырдың келіні, бүгінде өзі де қазақы салт-дәстүрдің жоқшысы болып жүрген Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабында мынандай үзінді келтіріліпті. «Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын, атаның қабағы салыңқы. Бір кезде:
– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім... Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйке жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің? Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған. Көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адам үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты әкеледі. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Әрі қарай реніштің түйінін шешіп, түсінуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек...».
Бұл батыр Баукеңнің есті сөзі. Осыны естігенде келіні Зейнеп апамыздың дымы ішіне түсіп, көзі қарауытып кеткенін айтады. Тіпті, өз естелігінде: «Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім», – деп ағынан жарылады. Енді ойлаңызшы, бүгінде салтынан аз-кем адасып, сәл көз жазып қалғаны үшін өз ұятының отына мұнша өртеніп, осынша опық жейтін ибалы, инабатты келіннің қатары көп пе, сирек пе? Момышұлының сын-тезіне салып кеп жіберсеңіз, әрине аз. Жүздің бірі, бәлкім, мыңның бірі болар?..
Хош, бас туралы бәтуәлі сөздің бас-аяғы бұл мақаламен бітпесе керек. Данагөй қазақтың «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қисынына салып та көрдік. Аталған дәстүр төңірегінде көп дерекке көмілдік сосын. Сөйттік те соның ішіндегі келесі бір сүйекті деген сөзді екшеп алдық. Мұны да сіздің бір қажетіңізге жарар деген ниетпен ортаға салғанды жөн деп таптық, алдияр оқырман.
Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос өмір сүріпті. Күндердің күнінде Сараман досына ренжіп қалады. Бірақ онысын тамырына айтпайды. Бір күні Қараман атқосшысын ертіп оған қонаққа келеді. Ішінде реніші сайрап тұрса да Сараман досын құшақ жая қарсы алады. Іле-шала мал сойылып, қазан көтеріледі. Сөйтіп етпісірім уақыт өтті дегенде қонақтар алдына бас та келеді. Осы арада атқосшысы алдарындағы бастың тістері қағылмағанын байқайды. Ал досы оны байқамайды. Сонымен ет желініп, қымыз ішіліп, қонақтар арқа-жарқа болып үйіне қайтады. Сонда жолай атқосшысы:
– Мырза, досыңыз бас тартқанда қойдың тісін қақпай әкелді. Сізге бір реніші бар екен, – дейді. Бай шошып кетіп:
– Қалайша? Реніші болса, бас тартып сыйламас еді, – деп жауап береді. Атқосшысы:
– Марқұм әкем айтушы еді. Қазақ біреуге ренжісе, бетінен алмаған. Өзгенің көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын деп сақтық еткен. Назын тұспалмен, ыммен білдіреді. Мұсылмандықта біреудің көңілін қалдырған мың Қағбаны бұзғанмен бірдей. Сондықтан дәуде болса досыңыз сізге ренішін білдірді. Қонақ есті болса, бұл сырды өзі-ақ түсінер деген, – дейді.
Осы арада бай аттың басын кері бұрып, ат-шапан айыбын атап, досынан кешірім сұрапты. Мұны да біз үлкендердің аузынан естігенбіз. Қандай көрегендік деңізші?! Тіптен таңғалудан артық сөз таба алмайсың. Мұндай салттың сарқыншағы да қалмауға айналған бүгінгі қоғамды ойлап бір, ертеңгі ұрпақтың не күй кешетінін ойлап екі қынжыла түсесің...
Мұндайда өзіңнің салт-дәстүрі таяз ұрпақ өкіліне айналғаныңды біліп, шын мәнінде құнды бір қазынасын жоғалтқан жандай аласұруыңның өзі неден хабар береді деп ойлайсыз? Себебі – біз шын мәнінде жоғалғанымызды түгендеп жүрген ұлтпыз. Бәлки, біздің бұл әңгімеміз де сол жоқтаушы, жоқшы көңілдің бір талпынысы шығар. Ескіден қалған есті әңгімелерге бір сәт құлақ түріңізші, біздіңше «рухани жаңғыру» дегеніміз сол... Мұхтар Күмісбек.
Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через