Ержан Максим халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды

Ержан Максим халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды

Қазақстандық жас әнші Ержан Максим Македония астанасы Скопье қаласында өткен WAF CONTEST халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің эстрадалық вокал бойынша 9-сынып оқушысы Ержан Максим сонымен қатар жыл сайынғы WAF AWARDS жүлдесіне ие болды. Университеттен түскен мәліметке қарағанда, бұл екі жарысты Дүниежүзілік фестивальдар қауымдастығы өткізеді.

WAF өткізген әр түрлі байқаулардың белсенді қатысушылары жыл қорытындысына сәйкес марапатталады. Бұл марапаттар дарынды жастардың табыс-жетістіктерін дәріптеп, олардың шығармашылығын қолдауға және насихаттауға бағытталған.

Биылғы жылы WAF CONTEST байқауында Еуропа және Азияның 16 мемлекетінен, соның ішінде Қазақстаннан 32 қатысушы бақ сынады. Олардың арасынан Ержан Максим байқаудың Гран-при иегері атанды.

Ол өзінің жеңісін Қазақстанға, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетіне арнады. Бұл университеттің биыл тойланатын 25 жылдығына алғашқы тарту болды. Аталған байқауға Қазақстаннан Ержанмен бірге атыраулық Алтынай Төлеген де қатысып, ол WAF AWARDS жүлдесіне қоса екінші орынды еншіледі.

«Қазір Ержан 15 жаста. Оның Оралда басталған әншілік жолы осылайша табысты жалғасуда. Ертең Астанаға ұшамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ержанның анасы Гүлмира Әлібек.

Фото kaz.nur.kz.