фото: Фото: yandex.kz
Энергетикалық сусындар - кофеині жоғары қуат беретін сусындар. Көптеген адам мұндай сусынды сергу үшін ішеді. Ал ол қауіпсіз бе?
Энергетикалық сусындарды ішуді ұнататындардың барлығы дерлік бұл сусында кофеин көп екенін біледі, бірақ тәуекелді елемей ішуді жалғастыра береді. Иә, кейбір адамдар кофеиннің болғанын жақсы көтереді, әрі бұл оларға қосымша қуат береді.
Дәрігерлердің энергетикалық сусындарды зиян деуі әзірге еш нәтиже бермеді. Млн-даған адам оның денсаулығына қаншалықты кері әсер ететінін білсе, сусынды ішуді тоқтатар еді.
Терапевтер, кардиологтар ғана емес, тіпті хирургтар да энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану мәселесімен жиі ұшырасады. Энергетикалық сусынды ішу нәтижесінде хирургиялық патологиясы бар науқастардың көбеюі байқалған.
Энергетикалық сусындарды жиі ішкен кейбір науқастар реанимация біліміне түсіп жатыр екен.
Жедел хирургия бөлімшесіне күн сайын науқастарды қабылдап жүрген дәрігерлер соңғы кездері асқазанның жедел ойық жарасы мен эрозиясынан жедел қан кетудің ауыр түрімен түскен жас жігіттерді көп байқаған. Сондай-ақ, қабылдау бөліміне іштің түсініксіз ауыруы, жүйке ауруларының қозуы, мазасыздану, жүрек айнуы, дәреті бұзылған жас жігіттер жүгінген. Бұның бәрі абдоминальды органдардың жедел хирургиялық ауруларын диагностикалауда қиындықтар тудырады, хирургтар мән-жайды анықтау үшін диагностикалық лапароскопияға жүгінетін жағдайлар болған. Барлық дерлік жағдайды талдап, сөйлескен кезде көп адам энергетикалық сусынды күніне 3-4 банкаға дейін ұзақ уақыт қабылдағаны анықталған.
Энерготониктің жоғары қышқылдығы және осы газдалған сусындағы шамадан тыс қант мөлшері асқазанның тітіркенуін, ауырсынуын және метеоризмді тудыруы мүмкін. Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин ауыр гастрит тудырады, бұл асқазан, ішекте қабыну, ауырсыну, жаралар мен эрозиялар және қан кету сияқты белгілерді тудыруы мүмкін.
Өздеріңіз білетіндей, энергетикалық сусындардың құрамында кофеин мен таурин бар, олар еш қайтарымсыз дененің резервтік қуат қорын пайдаланады, ал оны шамадан тыс тұтынған кезде адам ағзасына зиян келіп, ағза әбден сарқылады. Энергетикалық тониктің кері әсері анықталды - жалпы әлсіздену және апатия, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесінің күйіне кері әсері және сусынды шамадан тыс ішкен кезде ол гипертониялық кризді, тахикардияны және жүрек аритмиясын тудыруы мүмкін.
"Бүгінде ата-ана мен мемлекет тарапынан жеткілікті бақылаудың жоқтығынан жасөспірімдер кез келген сауда нүктесінен энергетикалық сусынды сатып ала алады. Біздің өскелең ұрпақ энергетикалық сусынның зиянды әсерінен хабардар болуы керек, оны ішу процесін олардың өздерінен басқа ешкім бақылай алмайды", - деп түсіндіреді дәрігерлер.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусынды ішіп көрген, кәмелетке толмағандардың шамамен 3%-ы күн сайын энергетикалық сусынды ішеді әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Кейіннен олардың көпшілігі үшін бұл тәуелділікке айналады. Балалардың 17,5%-ы энергетикалық сусынды аптасына бес-алты рет тұтынады. Сауалнамаға Қазақстанның 20 өңірінен 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам оқушы қатысты.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через