Еліміз бойынша 3-5 жыл сайын диагоностика жасалуы тиіс жалпы саны 2 мыңнан астам көпір бар.
Автомобиль көпірлері және жол өткелдерінің техникалық жай-күйі мен зақымдануын тексеру үшін қазіргі уақытта мамандар дербес тексеру жұмыстарын жүргізіп, фототүсірілім жасайды. Осы мақсатта мамандар өз өмірлерін қауіпке тігіп, автокрандар мен альпинистік құралдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Аталған екі әдіс те жұмысшылардың өміріне қауіп төндіріп, көлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудырады. Сондықтан келесі жылдан бастап мамандар дрон құрылғыларын пайдалана бастайды. Дрондар нысандарды диагностикалауды қауіпсіз етіп қана қоймай, үрдісті жылдам, арзан және тиімдірек етеді.
Көпірлерді дәстүрлі түрде тексеру көп уақытты талап етеді. Жолшылар уәкілетті органдарға хабарлайды, жол полициясынан рұқсат алады және автомобиль қозғалысын ішінара немесе толығымен тоқтатады. Бұдан бөлек арнайы кран мен ескерту белгілерін бірнеше рет жылжытуға мәжбүр. Ал тексеру қиынға соғатын жерлерге мамандар белдеріне арқан байлап түседі. Дронды қолдану арқылы жұмыс айтарлықтай жеңілдеп, тексеру уақыты 3-4 есе қысқарады. Осылайша біз көпірлер мен жол айрықтарын көбірек қамти аламыз, – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Жол конструкциялары және жаңа технологиялар басқармасының бас маманы Қайсар Шалқар.
Айта кетерлігі, дрондар жол қозғалысына кедергі келтірмейді, ал қашықтан басқару жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге мүмкіндік береді. Ендігі кезекте биіктіктен құлап кету, өтіп бара жатқан көліктің астына түсу сынды қауіп-қатердің алдын алуға болады.
Дрон арқылы зерттеу жүргізудің бірнеше артықшылығы бар, ол –жасырын жерлерді тексеру. Кейін түсірілген бейнежазбаларды компьютерде егжей-тегжейлі талдауға, жіті тексеруге болады. Сондай-ақ болашақта технологияның көмегімен біз барлық көпір құрылымын цифрландыра аламыз. Бүгінде еліміз бойынша 2 мыңнан астам көпір бар, – дейді институт қызметкері.
Көпірлерді жүйелі түрде тексеру құрылыстардың тозуы мен апаттарға алып келетін ақауларды ерте анықтауға әрі жоюға мүмкіндік береді. Американдық тәжірибеге сүйене отырып, Қ.Шалқар уақытылы диагностика жасау объектілерді ұстап-күтуге кететін шығындарды азайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа көпірлерді 5 жылда бір, ескілерін 3 жылда бір рет тексеру қажет. Жыл сайын «ҚазжолҒЗИ» АҚ кем дегенде 15 нысанды зерттейді. Жалпы 59 жылдың ішінде институт мыңнан астамына диагностика жасаған.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через