Еңбек демалысына қатысты көкейде жиналған көп сауалыңыз болса, бұл материал сіз үшін. Осы кезге дейін қанша күн демалуға болатынын қалай есептейтінін білмей жүрсеңіз, формулаға салсаңыз болады. Сонымен қатар қашан демалатыныңызды шешу де — өз қолыңызда. Неке қисаңыз болмаса үйіңізде қуанышты не қайғылы жағдай орын алса, қанша күн демала аласыз? Ондайда ақы төлене ме? Кодексте бекітілген Еңбек демалысына қатысты құқығыңызды қарапайым тілде талдап көрдік. Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп редакция тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, түсіндіреді.
1.Еңбек демалысы кімдерге беріледі?
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын еңбек шартымен жұмыс істеп жүрген кез келген жұмысшы ала алады. Еңбек кодексі бойынша еңбек демалысы 24 күннен аз болмауы тиіс және демалыс кезінде жұмыс орны мен орташа айлық жалақысы сақталады. Ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда жұмыс істейтіндерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына кем дегенде 6 күннен тұратын қосымша демалыс тағайындалады. Сонымен қатар, еңбек шарты немесе жұмыс берушінің бастамасымен ынталандыру мақсатында ауыр, үздіксіз ұзақ мерзімді, өте маңызды немесе өзге де жұмысты атқарғаны үшін қосымша еңбек демалысы берілуі мүмкін. Жыл сайынғы еңбек демалысы апта соңындағы демалыс күндері мен мейрам күндерін қамтымайды. Яғни, еңбек демалысы күндерін есептеген кезде, ол күндер есепке алынбайды. Жалпы еңбек демалысының ұзақтығын есептеген кезде қосымша демалыс күндері негізгі еңбек демалысы күндерімен бірге есептеледі.
2.Демалыс уақытын таңдауға құқығым бар ма?
Еңбек демалысы жылдың кез келген уақытында беріледі. Яғни, жұмысшы уақытын өзі таңдай алады. Сонымен бірге еңбек демалысын бөліп алуына да болады. Бірақ кемі 14 күн болуы қажет. Яғни жылдық еңбек демалыс уақытыңыз 24 күнді құраса, бір бөлігі ретінде мысалы, маусым айында 10 күн алып, келесі бөлігі ретінде қыркүйек айында 14 күн алуыңызға болады.
3.Жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы деген не?
Жұмыс беруші мен жұмысшының өзара келісімі негізінде айлық жалақысы сақталмайтын демалыс түрі берілуі мүмкін. Демалыстың мұндай түрінің шарттары мен ұзақтығы да тараптардың келісуі негізінде бекітіледі. Алайда, жұмысшы неке қиғанда, баласы дүниеге келгенде, жақын туыстарының бірі қайтыс болған кезде немесе еңбек шартында көзделген өзге де негіздер бойынша жұмыс беруші 5 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімде айлық жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.
4.Еңбек демалысына төленетін ақы қашан түсуі керек?
Демалыс мерзімінің басталуына 3 жұмыс күні қалғанға дейін, ал ол демалыс кезектен тыс берілген жағдайда, оның басталуынан 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс.
5.Демалыс алмай жұмыс істей берсем бола ма?
Жұмыс берушіге Еңбек кодексінде жұмысшыға 2 жыл қатарынан толық немесе ішінара пайдаланылмаған еңбек демалысын бермеуге тыйым салынған. Бұдан түсінетініміз, 2 жылдан артық үздіксіз жұмыс істеуге болмайды.
6.Жұмысты жалғастырып, тек ақысын алса қалай болады?
Кодексте демалысқа шықпай еңбек демалысына төленетін ақыны алудың тек екі негізі көрсетілген. Олар: жұмысшы жұмыстан шыққан кезде және жұмысшыны өндірістік себептермен жұмыс беруші еңбек демалысынан қайтарып алған кезде. Басқа жағдайларда еңбек демалысына шығуды еңбек демалысына төленетін ақымен алмастыру шарттары көзделмеген. Демек, басқа жағдайларда бұған жол берілмейді.
7.Жұмыстан шығарда пайдаланылмаған күндерді не істейді?
Жұмыстан шығарда еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерін есептей отырып, өтемақы жұмыскердің еңбек шартына сәйкес орташа айлық жалақысымен есептеледі. Еңбек шартының тоқтатылуымен жұмыскерге тиесілі төленуі керек сумманы жұмыс беруші шарт тоқтатылғаннан үш жұмыс күні өткенге дейін төлеуі керек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через