Тауарды таңбалау мен ілеспе жүк құжатының талап етілуі кәсіпкерлерді құрдымға кетіруі мүмкін.
2025 жылға қарай елдегі шағын және орта бизнес үлесі 35 процентке дейін жетеді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба осыны көздейді. Мақсатқа жету үшін 8,5 млрд теңге бөлінеді. Алайда шағын кәсіп иелерінің қарқыны бәсең. «Жоспарды орындауға дәрмен жоқ» дейді өздері. Елдегі салық есебін жүргізу жеке кәсіпкерлерге тиімсіз болып барады. Әсіресе шағын бизнес жаңашылдыққа ілесе алмай әлек. Қазақстанның тікелей сатылым қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова былтыр шағын кәсіпкерліктегі сауда айналымы 2,1 процентке азайғанын айтады. Тауарды таңбалау мен ілеспе жүк құжатының талап етілуі оларды құрдымға кетіруі мүмкін. Қауымдастық өкілдерінің бұлай топшылауына, ірі компаниялардың IT интеграциялауға қыруар қаржы жұмсауы әсер етті. Тауарға ілеспе жүк құжатын алудың өзі 20 млн теңгеден асқан. Енді шағын бизнес өкілдері заңның реттелуін сұрайды. Анастасия Калашникова тиімсіз, ескірген әрі қайталана беретін талаптар елдегі шағын кәсіпкерліктің әлсіреуіне, тіпті жойылуына алып келе ме деп алаңдайды. Бүгінде 7000-ға тарта жеке кәсіпкер қауымдастық арқылы 9 ірі халықаралық компаниямен жұмыс істеп отыр.
Анастасия Калашникова, Қазақстанның тікелей сатылымдар қауымдастығының атқарушы директоры:
– Қазір аяқ киімді таңбалау талап етіледі. Бұл да біз үшін шығын. Таңбалау операторы ретінде «Қазақтелекомға» бақылау белгісін жасағаны үшін 2,68 теңге төлейміз. Ол белгіні тауарға енгізу құны - 550 теңге. Демек Қазақстанға сырттан әкелінетін 34,5 млн жұп аяқ киімге 19 млрд теңгеден аса қаражат керек. Бұл өте тиімсіз. Тұрақты бизнеске тұрақты заң қажет. Кәсіпкерлердің бар үміті бизнесті «таза парақтан» реттеу жобасында. Бұл арқылы артық және тиімсіз талаптар реттеледі деп сенеміз.
Мәтіндегі ақпарат туралы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через