Қазақстандағы ең бойы ұзын полиция қызметкері Орал қаласында тұрады. Төл мерекесіне орай Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция капитаны Абай Балабаевпен ҚазАқпарат тілшісі әңгімелескен еді.
-Абай Аяпбергенұлы, кәсіби мерекең құтты болсын, алдымен өз өмірің туралы айтып берсең?
-Мен 1993 жылы 24 қарашада Алматы қаласында өмір есігін аштым. Кейін әкем Аяпберген Балабайұлы Исқақов Оралдан болғаннан кейін осында көшіп келдік. Әкем кәсіпкер болса, анам Гүлмира Қазақбайқызы «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде аға кассир ретінде қызмет етеді. 2012 жылы Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, 2016 жылы тәмамдадым. Сол жылдан бастап Орал қаласында учаскелік полиция инспекторы қызметін атқардым. Өткен жылдың қыркүйегінде патрульдік полиция батальонына ауыстым. Бұдан он жыл бұрын бойым 193 сантиметр болса, қазір 207 сантиметрге жетті. Аяқкиім өлшемі – 45. Сондықтан киімді арнайы тапсырыс бойынша тіктіруге тура келеді. Үйленіп, отау құрғанмын, жолдасым, екі балам бар.
-Бойдың ұзындығы қызметіңе кедергі келтірмей ме?
-Жоқ, келтірмейді, қайта көмектеседі деп айтар едім. Мысалы, бұрын құқық бұзушыларды ұстау кезінде олар бойдың ұзындығынан да сескенеді.
Бірде мынадай оқиға болды. 2020 жылы болуы керек, анасы кішкентай қызымен дүкенге кеткен. Анасымен сөзге келді ме екен, кәмелетке толмаған үлкен қызы пәтерді ішінен кілттеп, есікті ашпай қойған. Пәтер екінші қабатта екен. Шақырту бойынша келген мен жертөленің төбесіне шығып, одан балконға өтіп, ішке кірдім. Қыз жылап отыр екен. Сосын психологты шақырдық. Әйтеуір жасөспірім қыз зардап шеккен жоқ. Міне, мен бойымның ұзындығынан пайданы сонда көргенмін.
Кейде жұмыс бабымен кездескен адамдар таңғалады. Әсіресе, балалар ата-аналарына: «Бойы ұзын полицейді қара!» деп айтып жатады. Күлемін де қоямын.
-Абай, спортпен де айналысатын шығарсың?
-Иә, волейболмен, таеквондомен айналыстым. Полицей болғаннан кейін денеңді шынықтырып, әр кезде бабыңда жүрген маңызды.
-Әңгімеңе рахмет. Қызметіңе табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бойы 2 метр сарбаздардың Қызылорда, Талдықорған, Алматыда әскери борышын өтеп жүргенін жазған болатынбыз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через