фото: youtube.com
Бастысы, халықаралық көрме арадағы алыс-берісті арттыруға ықпал етпек.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп, 80 жобаны іске асыру жөнінде уағдаластық жасасты.
Көрме - әлемнің түкпір-түкпірінен келген билік өкілдерін, өндірушілер мен инвесторларды біріктіретін алаң. Бұл жерде келушілер назарына металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен фармацевтика салаларындағы өнімдердің түр-түрі ұсынылды. Өнеркәсіп саласындағы соңғы жетістіктер қойылатын "Иннопром" халықаралық шарасына Қазақстан, 2019 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Биыл тұңғыш рет елімізге ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Азамат Панбаев, ҚР ӨҚМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы:
- Иннопром көрмесінің өнеркәсіптік кооперацияларды құрудағы рөлі айрықша. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 6.3 млрд долларды құрайтын 24 келісімге қол қойылды. Екатеринбургте өткен көрмеде құны 60 млрд теңгеден асатын 20 келісімге қол қойылған болатын. Экономикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, бұл бірлескен жобаларды тиімді іске асыру, тауар айналымын ұлғайту, негізгі капиталға инвестициялар тарту.
Көрмеге Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінен келген 300-ден астам кәсіпорын мен компания өкілі қатысып жатыр. Айта кетейік, Қазақстан экспозициясы 8-ші павильонға орналасқан. 140 отандық кәсіпорын өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Жиын барысында Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары көрме экспозициясымен танысты. "Транстехмаш" отандық холдингінің өнімдері премьер-министрлердің ерекше қызығушылығын тудырды. Келушілердің де назарын бірден өзіне аударды. Холдинг негізінен теміржолшыларға арналған модульдік-блокты ғимараттар мен рельсті дәнекерлеу жабдықтарын өндірумен айналысады.
Ботагөз Ахметбаева, компания өкілі:
- Біз жылына 1562 рельс дайындауды жоспарлап отырмыз. Өндірісіміздің негізгі артықшылығы сол – пойыз жүргенде қатты дыбыс шықпайды. Бұл өз кезегінде нарықта жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздардың артуына серпін бермек.
Елнұр Бисембаев, компания өкілі:
- Әзірге ішкі нарық қана қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы 1жылда еуразиялық экономикалыө одақ елдері мен ТМД-ға шығуды жоспарлап отырмыз. Өнімдеріміз әркез сұраныста. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Қырғызстан, Армения, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде серіктестеріміз бар.
Бұған дейін Қазақстан - Еуразиялық экономикалық Одақ елдеріндегі серіктестерімен бірлесіп өнеркәсіп саласында 38 жобаны жүзеге асырды. Жаңа өнім шығару және экспорттық әлеуетке басымдық берілді. Соңғы 5 жылда республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 2 есе артып, 20 трлн теңгеден асып түсті.
Сайып келгенде халықаралық көрме арадағы алыс-берісті арттыруға ықпал етпек. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп, 80 жобаны іске асыру жөнінде уағдаластық жасасты.
Ақпарат дереккөзі: .24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через