Елімізде жаңа туған нәрестелерге қос есімдер жиі қойыла бастады. Ата-аналар сән қуып немесе туыстарына деген құрметін білдіру үшін әдеттен тыс, кейде күрделі ат ойлап тауып жатады. Zakon.kz биыл сәбилерге ең көп қойылған қос есімдерді санамалап көрді.
Мұхаммед-Әли
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жаңа туған ұл балаға ең көп қойылған есім Мұхаммед-Әли (80) болды. Бұл есімді ата-аналары әртүрлі жаздырған: Мұхаммед-Али (75) және Мухаммад-Али (59). Жалпы, 2022 жылдың басынан бері 214 сәбиге осы есім қойылған.
Мұхаммед – мұсылмандар арасында өте кең таралған есім. Ислам шариғатында балаға "Мұхаммед" деп ат қоюға қатысты ешқандай тыйым жоқ. Қайта керісінше, рұқсат етілгені жөнінде бірқатар хадистер бар.
"Мұхаммед" сөзі "мақталушы, дәріптелуші" деп аударылады, "ха-ми-да", яғни, мақтау, алғыс айту, дәріптеу етістігінен шыққан.
Әли – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, күйеу баласы, сахабасы, төрт халифаның төртіншісі. Исламды алғаш қабылдаған жандардың бірі.
Әлемдік спорт тарихындағы ең ұлы спортшыларының бірі, 1960 жылы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Кассиус Клей Мұхаммед Әли есімін алды. Боксшы Мұхаммед Әли "Ғасыр спортшысы" атағының иегері атанды.
Әл-Фараби
Биыл 66 балаға осы ат қойылды. Қазақстанда Әл-Фараби есімді 41 ұл бар.
Әбу Насыр Әл-Фараби (870 – 950 ж. ш) — әлемге әйгілі ойшыл, пәлсапашы, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі.
Абдул-Азиз
Ұлттық статистика бюросының мамандары жыл басынан бері мұндай есім 50 нәрестеге қойылғанын анықтады.
Абдул-Азиз – араб тіліндегі екі құрамды есім. Абдул-Азиз есімі екі сөзден құралған Абд (құл) және Аль-Азиз (Құдіретті), араб тілінен аударғанда "Құдіреттінің құлы" деген мағынаны білдіреді.\
Нұр-Мұхаммед
2022 жылдың басынан бері 47 сәбиге осы ат қойылған. Бұл есімнің көбіне "Нұрмұхаммед" деп бірге жазылған нұсқасы қолданылады.
Екі құрамнан тұратын есім, "нұр" және Мұхаммед пайғамдардың есімінен алынған.
Хан-Төре
Биыл елімізде 40 Хан-Төре дүниеге келді.
Хан есімі түркі тіліндегі "қаған", "хақан", "қаған" – "әмірші" деген жалпы есімнен шыққан. Бұл сөз атақ пен лауызымды білдіреді.
Төре (түркі, қазақ) атауы, мағынасы "ақсүйек", "хан текті" дегенді білдіреді. Төре – Қазақ хандығында билік құрған ақсүйектер элитасының (Керей хан мен Жәнібек хан) жоғарғы табын құраған Шыңғыс хан ұрпақтарының әулеті.
Хан-Сұлтан
Жыл басынан бері елімізде 40 сәбиге Хан-Сұлтан есімі қойылды.
Сұлтан есімі араб тілінен аударғанда "әмірші" деген мағынаны білдіреді. Шығыс елдерінде бұл сөз зайырлы билік иелеріне қатысты қолданылған. Жаңа туған нәрестеге Сұлтан есімін қоя отырып, ата-анасы бала билеуші болсын, биік белестерді бағындыратын азамат болсын деп ырымдайды.
Қасым-Жомарт
2022 жылы Қазақстанда барлығы 39 кішкентай Қасым-Жомарт дүние есігін ашты.
Қасым араб тілінен аударғанда "әдемі" дегенді білдіреді. Басқа деректерде Қасым есімі "ксм" етістігінен шыққан және "бөлу" – "бөлуші, таратушы" деген мағынаны білдіреді.
Қасым хан (1445—1521) — қазақ хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі — Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы. "Қасқа жол" деп аталатын заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған.
Жомарт қазақ тілінен алынған "жомарт, қайырымды" дегенді білдіреді.
Бұл есімді иеленген еліміздегі елеулі тұлға – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы жылдары көптеген ата-ана ырымдап баласының атын Қасым-Жомарт деп қойғанын бағамдауға болады.
Қасым-Жомарт есімі 2019 жылдан кейін кең тарала бастады. Биыл Қасым-Жомарт есімді 654 адам тіркелді.
Дереккөз Zakon.kz. Фото: iprofiles.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через