ҚР Ішкі істер министрлігі Жол қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары Арман Алтынбеков елімізде электросамокат пайдаланудың бірыңғай ережелері әзірленетінін мәлімдеді.
"Қазіргі таңда нормативтік актілерде электросамокаттар көлік құралының қандай да бір типіне жіктелмеген. Яғни қолдану ерекшелігі мен техникалық айырмашылықтарына қарай мопедке жата ма, әлде скутерге жата ма, нақты жіктеу жоқ. Оның үстіне заңнамада бұл көлік құралдарына қойылатын талаптардың болмауы олардың нарықта сатылу және қолдану ережелерін, қауіпсіздік бойынша қойылатын талаптары мен сол талапқа сәйкестігін бағалау тетіктерін, маркілеудің бірыңғай талаптарын техникалық реттеуге мүмкіндік бермейді", – дейді министрлік өкілі.
Қазіргі таңда электросамокаттарға қолданылатын ережелер әзірленуде.
"Бүгінде Үкіметтің тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Сауда және интеграция министрлігі көліктің осы типіне стандарттар әзірлеп жатыр. Бұл көлік құралы ма, әлде құрылғысы ма, соны анықтап алуымыз керек. Бірқатар себепке байланысты оларды көлік құралына жатқыза алмаймыз. Өйткені тежеуіші жүйесі, бұрылыс шамдары мен жарық шамдары жоқ деген сияқты. Стандарт дайын болған соң типтік ережелер жасаймыз. Осылайша оларға бірыңғай ережелер қолдана аламыз", – деді ведомство өкілі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы электросамокат пен мопед айдаған 68 адам жарақат алған.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через