Еліміз үлкен белестен өтті: мегаполистегі перзентханада 16 бала дүниеге келді

Еліміз үлкен белестен өтті: мегаполистегі перзентханада 16 бала дүниеге келді
фото: Аlmaty.tv

Кішкентай тұрғындарға арнайы сыйлық табысталды

Алматыда халық саны көптен күткен межеге жеткен күні 110 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды.

31 жастағы Балғын Дүйсенбекова - 3 қыздың анасы. Мерейлі күні дүниеге келген кенже қызы Айлин - енді 20 миллионыншы тұрғынның бірі. Бойы 51 см, салмағы 3 кг асып туған нәрестенің де, жаңа босанған ананың да жағдайы жақсы дейді дәрігер.

– Негізі 25 қарашада босану керек едім. Бірақ бұйыртып осы бақытты датаға келіп тұрмын. 14 қараша күні босандым. Мемлекетіміздегі балалар саны көбейіп жатқанына өте қуаныштымын, - дейді ана атанған Балғын Дүйсенбекова.

Айтулы күні еліміздің әр аймағында өмірге келген балалар тарихтың бір бөлігіне айналды. Көптен күткен 20 миллион көрсеткішке жеткен күні мегаполистегі №1 перзентханада 16 бала дүние есігін ашқан. Мекеме басшылығы еліміздің кішкентай тұрғынына арнайы сыйлық табыстауды жөн көрді.

– Еліміз үлкен белестен өтті, енді біз 20 миллионнан асамыз. Жаңа Қазақстан тарихындағы кезекті есеп басталды. Осы атаулы күні 14 қарашада дүниеге келген әрбір жаңа туған нәрестені қарсы алуға себепкер болғанымызға қуаныштымыз, - дейді №1 перзентхананың бас дәрігері Жанар Мұхамеджанова

Жыл басынан бері Алматыда 43 мыңнан астам бала дүниеге келген.Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқын 20 миллионға жетуімен ресми құттықтады.

SN.KZ