Электросамокаттардың қозғалысына қатысты заң қабылданады

Электросамокаттардың қозғалысына қатысты заң қабылданады

Жыл соңына дейін электросамокаттардың қозғалысына қатысты заң қабылданады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.

«Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып отырған жоқ. Алматы халқының көбі электросамокатты көп пайдалана бастағаннан кейін осындай мәселе туындады. Біз жағдайды үш жыл талқылай келе, заңнамалық негізде өзгеріс енгізуді, электросамокаттарға қойылатын стандарттарды бекіту шешімін қабалдадық. Стандарттар қабылданғаннан кейін жол қозғалысы туралы заңға, жол қозғалысы ережелеріне және Әкімшілік кодекске өзгерістер енгіземіз», - деді Жандос Мұратәлиев.

Оның айтуынша, бекітілген стандартта самокаттарды сертификаттау және олардың қозғалысын реттеу шаралары көрсетілген.

«Болашақта «Жол қозғалысы туралы» Заңда біз электросамокаттың жүргізушісі кім екенін, оның қандай құқығы бар екенін көрсетеміз. Бұл нормалар басқа мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен талқыланады. Осы стандартты қабылдау кезінде урбанистердің, блогерлердің, жұртшылықтың пікірі ескерілді», - деп атап өтті Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Спикер электросамокаттарды басқару үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейтінін жеткізді. Алайда, міндетті шарт - егер азамат электросамокатпен велосипед немесе көлік жолына шығатын болса, онда ол 16 жасқа толуы тиіс. Сонымен қоса, электросамокаттар түнгі уақытта жүруге мүмкіндік беретін жарықтармен жабдықталуы керек.