Елдегі медициналық мекемелерде 3 миллионнан астам кемшілік анықталды

Елдегі медициналық мекемелерде 3 миллионнан астам кемшілік анықталды
фото: sputnik.kz

Медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетілген қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

Медициналық сақтандыру қорының сарапшылары былтыр 3 млн-нан астам кемшілікті анықтады. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 1,9 млн болған. Оның ішінде 403,3 млн теңгеге 52 621 жалған жазба жазылған.

Жалған жазбалардың дені Астана қаласында (26 789 немесе 50,9%), Ақмола (5 774 немесе 11%) және Қызылорда (5 076 немесе 9,6%) облыстарында анықталды. Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, жалған жазбалардың көбі жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99%). Қалған 508 жалған жазба мынадай көмек түрлерінде кездеседі: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек түріндегі мамандандырылған медициналық көмек (тәулік бойғы стационар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.

Нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша жалған жазбалар жазған 297 медициналық ұйым анықталды. Оның 180-і (60,6%) – мемлекеттік, 117-і (39,4%) – жекеменшік.

"Құқық бұзған" денсаулық сақтау субъектілеріне айыппұл салынды. Егер пациент алмаған қызметі үшін жалған жазба жазылғанын өздігінен анықтаса, бұл туралы медициналық сақтандыру қорына хабарлауы қажет.

Шағым немесе өтінішті қордың ресми сайты fms.kz арқылы беруге болады. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 телефонына хабарласу керек.

Қазақпарат