фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@abdul-batin-235375905/
Елдегі дәрі-дәрмектің 80 пайыздан астамы шетелден тасымалданады.
Сондықтан кенжелеп тұрған фармацевтика саласын ілгерілету қазір басым бағыттардың бірі. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы бес жылда отандық дәрі-дәрмектің өндірісін 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама бекітіліп, фармацевтиканы қолдау шаралары қолға алынды.
Фармацевтика – экономиканың маңызды бөлігі. Қазір салада 193 отандық компания жұмыс істейді. Оның 150-і медициналық бұйым, 43-і дәрілік заттар шығарады.
Былтыр кәсіпорындар 144,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Қазақстандық фармкомпаниялар дәрілік заттың 1015 түрі мен медициналық бұйымның 1882 түрін шығарады. Дегенмен, нарықтағы дәрілік заттардың тек 14 жарым пайызға жуығы өз елімізде жасалады.
Елімізге сырттан келетін дәрі-дәрмек көп. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына жыл сайын 6 мыңға жуық өтініш келіп түседі. Оның 2-3 проценті сапасы мен қауіпсіздігі бойынша талаптарға сай болмай шығады. Нәтижесінде мемлекеттік тіркеуге жіберілмейді. Кейінгі 4 жылда нарықта адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті қоспалары бар 10 препарат анықталған.
Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту үшін ірі шетелдік компаниялармен әріптестік құру жоспарланған. Олармен бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асады. Елімізде олардың филиалдары ашылады.
Дәрі-дәрмек өндірісін дамытып, елімізді отандық өніммен қамтуға мүмкіндік бар. Бұл ретте сапаға ерекше мән беріледі. Өткен жылы сапаны бағалаудың қорытындысы бойынша мемлекеттік тіркеуден өткен 120 мыңнан астам дәрілік заттарға арнайы сертификат берілді.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через