Ел ішіндегі ерекше коллекционерлер

Ел ішіндегі ерекше коллекционерлер

Коллекционерлердің ашуына тию оңай: жылдап жинап келген дүниесіне титтей зақым келтірсең болғаны, кешірім күтпе. Бұдан бірнеше жыл бұрын футбол фанаты Нил Дьюхарттың «вандализм актісін жасады» деген себеппен әйелімен ажырасуға арыз бергені жұртты шулатқаны бар. Сондағысы – келіншегі жұбайының футболшылар автографтары қойылған футболкасын жуып тастаған екен.

Коллекционерлерді өзгелерден бөлек­тейтін қасиеті – өз хоббиі үшін біраз нәрсені тәрк етуге дайын тұратын осындай энтузиазмы болса керек.

Бала арманын бағындырған Аркадий

Ел ішінде ерекше коллекция иелері аз емес. Солардың бірі – 52 жастағы алматылық ІТ маманы Аркадий Глушков. Ол 40 жылдай бұрын әртүрлі автомобильдің кішкентай масштабтағы үлгілерін жинауды бастаған.

– 1980-жылдары көліктердің 43-масш­табтағы модельдерін сатып алу көп бала үшін қол жетпес арман болып көрінетін. Ондай модельдер зауыттан көп шығарылмай­тын, сатылымға да сирек түсетін, ал бағалары аспан­дап тұратын. Кез келген ата-ананың оны сатып алуға қалтасы көтермейтін еді. 1988 жылы коллекциямда оншалықты көп көлік те болған жоқ, әскерден келген соң бұл хоб­биімнен түк шықпайды деп ойлап, бәрін інілеріме таратып жібердім. Бірақ біраз уақыт өткен соң шамамен 2010 жылы ескі хоббиіме қайта оралам деп шештім. Оған себеп болған жайт – дүңгіршектерде «Автолегенды СССР» сериясының журналдары пайда болған еді. Әр журналға автомобильдің 43-масштабтағы көшірмесі қоса берілетін. Бағасының сонша­лықты арзан екенін көргенімде таң-тамаша қалғаным рас, – дейді коллекционер.

Бүгінде Аркадийдің коллекциясында 1 000-нан аса көлік үлгісі бар.

Кейіпкеріміздің айтуынша, коллекцияны толықтырып отыру оңай шаруа емес. Қазақ­станда мұндай көлік үлгілерін сатып алатын арнайы жер жоқ. Оларды Аркадий еуропалық елдердің интернет дүкендерін ақтарып таба­ды.

«Коллекцияңыздағы ең қымбат машина қандай?» деп сұраған едік, онымызға кейіп­керіміз шамданып қалды. «Модельдерімді ақшамен өлшегенді ұнатпаймын. Менің түсінігімде коллекциямдағы барлық модель қымбат. Кейбіреулері балалық шақтың жып-жылы сәттерін еске түсіреді, енді бірі түр-тұрпатының әдемілігімен көзді қуантады. Әрқайсысының өз орны бар», – дейді ол.

Тоқсан бес елден тәбәрік

30 жастағы атыраулық графикалық дизай­нер Ренат Мурсалимов кәдесый-магниттарды коллекциялағанды жақсы көре­ді. Бұл істі 2008 жылы бастаған екен. Қазір оның коллекция­сын­да 95 елден келген 700-ден аса магнит бар.

«Ең алғашқы магнитімді қарындасым Бурабайдан әкеліп берді. Ел ішінде қыдырғанымда өзім де қызығып, 20 шақты магнит жинаған едім. Кейін бір танысым басқа жаққа көшерде маған тағы 20 магнитін беріп кетті. Осылайша, магниттің коллекциясын жасау туралы ой кел­ді. Өзім Қазақстанның қалаларынан бө­лек, Түркия, Грузия, Ресейде болғанмын, бас­қа зат алмасам да, барған жерімнен магнит әкелуді ұмытпаймын. Басқа магниттерді туыс­тарым сыйға тартты, кейбіреуін интернет арқылы сатып алдым. Коллекциямды толықтырып отыруға қарындасым көмектеседі», – дейді Ренат.

Кейіпкеріміз үшін коллекциясындағы ең ерекше магнит Солтүстік Кореядан әкелінген. Ал ең шалғай мемлекеттерден – Мексика, Эквадор, Чили, Оңтүстік Африка Респуб­ликасы, Маврикийдің кәдейсылары бар. Бір қызығы, 700-ден аса магниттің 90 пайызында Made in China жазуы бар екен.

Кейіпкеріміз өзінің коллекциясын алға­шында тоңазытқыш бетіне жинап бастаған. Кейін онда бос жер қалмаған соң қабырғаға үлкен темір тақта орнатып, «қазынасына» арнайы орын бөлген.

Каска жинау үшін кредит алған

Петропавл қаласында тұратын Болатжан Асқарбеков он екі жылдан бері каска жинайды. Бұрын өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген ол бүгінде зейнетте, қазір Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде сабақ береді. Оның коллекциясында 25 каска бар.

«Бірде қолыма елімізде 1936-1946 жылдары қолданылған өрт сөндіру каскасы түсті. Сырты әбден ескіріп, тот басып, бояуы көрінбей кеткен екен. Дереу тазалап, қайта бояп, қалпына келтірдім. Каска жинауға деген қызығушылығым да осыдан басталды», – дейді Болатжан.

Қазір оның топтамасында отандық каскалардан бөлек, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Германия, Беларусь, Үндістан, Чехия, Ресей елдерінен әкелінген каскалар да бар. Олардың кейбірін шетелдік әріптестерінен интернет арқылы сатып алса, енді бірі сыйлық ретінде келіпті. Арасындағы ең көнесі – 130 жыл бұрын қолданыста болған неміс өрт сөндірушілерінің қалпағы. Ол бұқаның қатты терісінен жасалған екен. Сирек кездесетін жәдігерді ол Петропавл тұрғынынан сатып алған, 55 мың теңгеге бағаланған каскаға қол жеткізу үшін несие де алыпты.

«Топтамадағы ең ерекше каскаларымның бірі мыстан жасалған. Оны үндістандық өрт сөндірушіден 126 долларға сатып алдым. Мұны олар мерекелік шерулерге киеді. Қал­пақ­­тың маңдай тұсында айқасқан қос бал­таның белгісі орнатылған, бұл көп елде өрт сөн­дірушілердің символы болып есептеледі. Каскаларымның ішінде фосформен қаптал­ғаны да бар, ол қараңғыда жарқырайды», – дейді коллекционер.

Каскадан басқа, Болатжан Асқарбеков шев­рондар мен медальдар да жинайды. Бола­шақта ол өз үйінен шағын музей ашып, жәдігерлерін жұрт алдына шығаруды жоспар­лап жүр.

Aikyn.kz