фото: Мақсат Халықтың жеке мұрағатынан
Экономист: «Ресей-Украина соғысынан Қазақстан көбірек пайда көру керек еді»
2022 жылы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға ресми түрде бастаған «арнайы әскери операциясы» Қазақстан экономикасына едәуір әсер етіп келе жатыр. Әсіресе, әлемнің көптеген елінің Ресейге санкция жариялауы, ондағы мобилизация сынды жағдайлар Қазақстанда инфляцияның күрт өсуіне себеп бола алады.
Сарапшының айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ел экономикасына тигізер пайдасы да, зияны да бар.
Пайдасы
Оң жағын айтар болсақ, мәселен соңғы уақытта Қазақстан экономикасына келіп жатқан капитал Ресей азаматтары тарапынан ұлғайған. Ресей бизнесінің релакациясы, яғни бізге ауысып келуі жақсы ықпал етіп жатыр.
Одан бөлек, шетелдік ірі компаниялар да Ресейден зауыт-фабрикаларын жауып, Қазақстанға келуге үміттеніп отыр. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп, тіпті алғашқылары елге келе бастады. Бұл да белгілі бір дәрежеде ел экономикасына оң әсер етіп жатыр.
Зияны
Енді зиянды жағына тоқталайық. Екі ел арасында болып жатқан жағдайдан негізі Қазақстан көбірек пайда көру керек еді. Еуропа Ресей газы мен мұнайын шектеп жатқан кезде ол орынды Қазақстан иеленуіне болар еді. Бірақ біз бұл мүмкіндікті қолдана алмадық. Иә, біраз кемшін тұстарымыз да бар. КТК құбыры төңірегіндегі жағдайлар мұнайды Еуропаға жеткізуімізді қиындатып жіберді. Амал жоқ, Қазақстан қазір өзге де альтернативті-логистикалық маршруттар іздеп кетті. Сол үшін де Әзірбайжан, Иранмен сөйлесіп, әртүрлі жолдарды қарастырып жатқан жайымыз бар. Ал мұның бәрі – Қазақстан үшін қосымша шығын.
Биыл Standard & Poor's агенттігі жоғарыдағы мәселелерге байланысты Қазақстанның инвестиция рейтингін ең төмен деңгейге түсірді. Одан әрі түсірсе, біз бұл дәрежеден де айырыламыз. Неге десеңіз, егер Қазақстан қиын жағдайға тап болып, әлемдегі қаржы институттарынан қарыз сұрайтын болса, онда біз қазіргі шарт арқылы керек соманы ала алмаймыз. Соңғы қарызға алған 345 млн доллар көлеміндегі қаражаттың өзі бізге жеңілдікпен берілді. Ал аталған агенттіктің инвестиция рейтингінен қол үзсек, сырттан қаржылай берілетін мүмкіндік жоқ деген сөз.
Тағы бір байқалған дүние – мобилизациядан кейін Ресей азаматтарының жаппай келуі. Бұл елдегі инфляцияны одан әрі қарқынды арттырып жіберді. Өйткені әдетте қыркүйек айында инфляция тұрақталатын. Осы жылы, керісінше, қазан айындағы мәліметке сәйкес, 18,8% болып, инфляция шарықтап кетті. Бірінші кезекте пәтерді жалға алу бағасы қымбаттады. Сонымен қатар кей азық-түлік, тұрмыстық-химиялық заттар тапшы болып, сәйкесінше бағасы да қарқынды өсе бастады.
Банктегі қаржы жүйесіне қандай әсері бар?
Ресей азаматтарының елге рубль алып келіп, қолма қол осында қалдырып кетіп жатқанының да кері әсері бар. Өйткені қаражатты көрші елдің өзі де қуана-қуана кері қайтарып алайын деп тұрған жоқ. Бұл әрекеттің салдарынан біздің банктерде Ресейдің төл ақшасы жинақталып жатыр. Алдағы уақытта егер тұрғындар аяқ астынан теңге не доллар керек десе, оны тез арада рубльден ауыстырып бере алу оңай болмауы мүмкін.
Қорыта келгенде, аталмыш мәселе елдің қаржы жағдайына кері ықпал етіп отыр деуге толық негіз бар.
Bugin.кз
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через