Екібастұздағы алып мұздық қайдан пайда болды?

Екібастұздағы алып мұздық қайдан пайда болды?
фото: Kazinform

Екібастұз қаласының маңында таңғажайып алып мұздық пайда болды. Ішінде үңгірі бар мұз нысаны жақын жердегі су құбырының жарылуынан түзілгені анықталды. 

Бұл мұздықтың видеосын журналист Асхат Ниязов Instagram-дағы парақшасында жариялады. 

«Мұздық Екібастұздағы апаттан соң пайда болған тәрізді. Бұл жерде қаншама су төгілгенін елестетудің өзі қиын, жарық құбырлардан су әлі де ағып жатыр. Жуық уақытта ол ери бастайды, сондықтан оған жақындау қауіпті болар. Егер оны көрсеңіздер, ішіне кірмеңіздер. Сыртынан қарағанда да әдемі», - деп жазды автор парақшасында.

Ойда жоқта елсіз далада пайда болған «таңғажайып композиция» жөнінде Екібастұз қаласы әкімдігінен сұраған едік. Белгілі болғандай, ол ауызсу құбыры бойындағы жарықтан аққан судан түзіліпті. 

«Лесхоз ауданы маңындағы бұл құбыр «Горводоканал» мекемесінің балансында тұр. Қыста бұл жерде ірі апат болып, аяздың салдарынан әлгіндей мұздық түзілген. Құбырдағы жарық жамалып, қалпына келтірілді. Биылғы жылы аумақтағы магистральдік су құбырын реконструкциялау жоспарланған. Алдағы уақытта мұндай залалдар пайда болса, бірден қалпына келтіріледі», - деп хабарлады Екібастұз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Аталған учаскені жөндейтін мердігер қазірден таңдалып қойған, күн жылынғанда іске кіріседі.

Алып мұздықФото: Kazinform

Шаһар тұрғындары мен мұздықты көрген адамдар әлгі жерде көп мөлшерде су төгілгені анық деп отыр. Олар судың үнемсіз жағдайда далаға ағып кеткен шығынын тұтынушылардан өндіріп алмай ма деп те күдіктеніп отырғанын жасырмады. Ал, сумен қамту мекемесі алдағы уақытта тарифте ешқандай өзгеріс болмайды деп сендірген. 

Айта кетейік, 2022 жылдың қараша айында қаланың жылу жүйесінде кешенді апат болғанда мұндай мұздықтар қаланың әр жерінде пайда болған еді. 

ҚазАқпарат