фото: freepik.com
Ұзақ демалыстан кейін бірден жұмысқа кірісу оңай емес. Бірнеше күн демалып, күш жинағанымызбен, ойды жинап, міндеттерді атқаруға көшу қиындық тудырып жатады. Осыған орай психолог Дания Тұрысова inform.kz тілшісіне жұмысқа оңайлықпен және нәтижелі кірісудың оңтайлы жолдарын айтып берді.
Маманның пікірінше, мерекеден кейін фрустрация және прокрастинация болмауы үшін психикалық гигиена жайлы ұмытпау керек. Демалыстан кейінгі алғашқы күндері немесе бірінші аптасында өзіңе қатты салмақ салмау, бірден барлық мәселені шешіп тастайтындай жүк артпау қажет. Ең маңыздысы мұндайда тайм-менеджмент, асықпай барлық мақсат-міндетіңізді саралап, жоспар құрған жөн.
«Мерекеден кейін жұмысқа кірісу неліктен қиын? Оның бірнеше себебі бар. Кейбірінде серотонин, эндорфин, адреналин гормондары азаяды. Мерекеге дайындық эмоционалды әлсіретеді. Сондай-ақ тамағымыздағы өзгеріс – мерекелік дастарқан, спирттік ішімдікті пайдалану да әсер етпей қоймайды.
Прокрастинациядан зиян шекпеу үшін, яғни, маңызды және шұғыл істерді кейінге қалдырып, салдарынан мәселе туындамауы үшін, әсіресе, бастапқыда әр күнді барынша жоспарлап, оны қағаз бетіне түсірген жөн. Мұндай істерді екі-үшеуден асырмаған дұрыс», - дейді Дания Тұрысова.
Психологтың сөзінше, алғашқы жұмыс күндері адам өзін жайсыз сезініп, беймаза күй кешуі мүмкін. Көңіл күйі түсіп, ұйқысы бұзылады, шаршағандық байқалады. Мұның бәрі – уақытша құбылыс.
«Әдетте мерекеде біздің дәстүрлі күн тәртібіміз бұзылады. Сондықтан алғашқы күндері 8 сағаттан кем ұйықтамау керек. Мұны көпшілік ескере бермейді, ұйқы біздің ағзамызды қалыпқа келтіреді, физикалық-эмоционалды тұрақтандырады. Ұйқыға кетерден екі сағат бұрын барлық гаджеттен бас тарту керек.
Жылдың басында болашаққа қатысты үрей тууы да мүмкін. Жалпы жылдың соңында, мереке қарсаңында және қазір қалай жұмыс істеп жатқаныңызды салыстырудың керегі жоқ. Өзіңізді қамшыламаңыз, асықпаңыз, барлығына уақыт табасыз, бәрі сіздің қолыңыздан келеді. Тек жайлап кіріскен жөн», - дейді Дания Тұрысова.
Психологтан тағы бір кеңес – демалыстан кейінгі алғашқы екі-үш күнге кездесулерді, шұғыл жұмыстарды жоспарламау.
«Халық арасында «бақыт гормоны» атауымен белгілі серотонин ішек арқылы өндірілетіні көпшілікке белгілі. Зерттеулер бойынша оның 10-20%-ы мида, қалғаны ішек арқылы өндіріледі. Сондықтан үйлестірілген тағамды тұтынып, мерекеден кейін асқазанды қинамауға кеңес беремін. Спирттік ішімдіктер депрессант ретінде әсер етеді. Сондықтан арақ-шараптан бас тарту қажет.
Тез қалыпқа келудің бірден-бір жолы – физикалық жүктеме. Ол үшін жаттығу залына арнайы барудың қажеті жоқ, далаға шығып, саябақта, көшеде 30 минут серуендеудің пайдасы көл-көсір. Тіпті, далаға шығып, дүкенге барып келудің өзі пайдалы болмақ», - дейді Дания Тұрысова.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через