Дәріханаларға 2 айдан кейін жарамсыз болатын дәрілерді сатуға тыйым салынбақ

Дәріханаларға 2 айдан кейін жарамсыз болатын дәрілерді сатуға тыйым салынбақ
фото: sputnik.kz

Қазақстанда дәріханаларға рецепт бойынша ғана берілетін дәрі-дәрмекті витринаға қоюға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұған қоса дәріні көтерме және бөлшек саудамен сатқан кезде сақталуы тиіс жарамдылық мерзімі бекітіледі.

Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сату ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Жоба "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Қолданыстағы ережелер бойынша дәріхананың сауда залында, дәріхана пунктінің халыққа қызмет көрсету аймағында витринаға дәрігердің рецептінсіз сатылатын дәрілік заттар қойылады. Осы тармақты рецепт бойынша ғана сатылатын дәрі-дәрмекті витринаға орналастыруға тыйым салу туралы өзгеріспен толықтыру жоспарланып отыр.

Дәріханалар халыққа жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерді сатпауы үшін жарамдылықтың ең төменгі мерзімі бекітіледі. Яғни көтерме сауда кезінде дәрілер мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімі алты айдан кем болмауға тиіс. Ал бөлшек саудада дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі екі айдан кем болмауы керек.

"Қазіргі уақытта медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне, сондай-ақ аумақтық департаменттерге жарамдылық мерзімі өткен препараттардың сатылатыны туралы шағымдар келіп түсіп жатыр", - делінген негіздемеде.

Бұйрық жобасы 27 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

ҚазАқпарат