Маңғыстауда Ақжігіт деген ауыл бар. Атауы келіскен елді мекенде бірақ жол жоқ. Көшелері түзу көрінгенмен асфальт төселмеген. Сөйтіп жаңбыр жауса, тұрғындар балшыққа белшеден батады. Мәселе бұл ғана емес. Су тапшылығы да жырға айналған. Ақжігіттің тұрғындары 15 жыл талай табалдырықты тоздырғанмен осы екі мәселе шешімін табар емес.
Жаңбыр жауса, ақжігіттіктердің берекесі қашады. Ауылдың тең жартысында асфальт жоқ. Жауыннан кейін топырақ езіліп, көше ми батпаққа айналады. Мұнда 2 мыңнан астам түтін бар. Тұрғындар 2-ші аймаққа жолды толық салса,-дейді.
Дүйсенбек Икенов, ауыл тұрғыны:
– Мұның айтылып келе жатқанына 20 шақты жыл болды. Биыл құрғақшылық болғанымен, жаңбыр болады, қар болады. Үлкен кісілеріміз бар, балаларымыз бар, ауырған кезде қиын ғой, жедел жәрдем шақыру қиын.
Ауыл тұрғындарын титықтатқан тағы бір мәселе - ауыз судың тапшылығы. Сол себепті халық тіршілік нәрін көлікпен сатып алуға мәжбүр. Бисенбай Молдабековтың айтуынша, жазда кезекті апталап күтетін кездер болады, дейді. Қорасындағы азды-көпті малын да ащы сумен суарып отыр.
Бисенбай Молдабеков, ауыл тұрғыны:
– Ауылдың шет жағында тұрамыз, су бірде болса, бірде болмайды. Жазда жетіспейді. 1 воводовоз 10-15 күн кезекте тұрамыз. Малға суды құбырдан аламыз, ол да ащы. Малдың өзі әрең ішеді. Егін жоқ. Екі-үш талымыз да қурап қалды. Су болса, арман көп қой.
Ал ауыл әкімі елді-мекенде 2671 метр жол құрылысының басталғанын хабарлады. Әзірге астыңғы жұмыстары жүргізілген.
Жолдың қадірін жолаушы білер демекші, ауыл тұрғындарының айтар тағы бір уәжі, биыл орталық көшеге басталған жолды әрі қарай 300 метрге дейін созу керек. Себебі бұл жерден күніне 10 шақты көлік өтеді, әрі ар жағында 30 шақты үй түтінін түтетіп отыр.
Жандос Салиев, Ақжігіт ауылының әкімі:
– Тұрғындар көтеріп отырған мәселенің сметасы жасақталып тұр, қаржылық сомасын береміз. Егер қолдау тауып, қаржы табылса, саламыз. 3 шақырымға. Қазір енді 2671 метрге жоба жасақталып, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны 104 млн 531 мың теңге құрайды. Ауыл-ел бесігі» аясында 10 жергілікті бюджет, 90 республикалық бюджеттен. Жоба 3 көшені қамтиды.
Жол осы жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланған. Ал ауыз су мәселесі бойынша ауылға 2 жыл бұрын басталған Ақжігіт-Майлы су құбырын тарту жұмыстары біткен. Енді үйлердің алдына жеткізу жұмыстары қалып тұр. Егер жоба толық аяқталса, Ақжігіт ауылы түгелдей тіршілік нәрімен қамтылады, деп сендірді ауыл әкімі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через