Бұлбұл – көзге өте сирек түсетін құс

Бұлбұл – көзге өте сирек түсетін құс

      Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы жыл құсын таңдады. Орнитолог мамандармен кеңесе келе бұлбұлды 2022 жылдың құсы деп таныды.

Табиғат жанашырлары 2006 жылдан бастап "Қызыл кітапқа" енген құстардың жылын жариялап келеді. Өткен жылды бірқазан құсына арнаған.

ҚБСА Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп, еліміздің жетекші орнитолог мамандарының көзқарасын есепке ала отырып, жыл құсы символын таңдайды. Олардың басты мақсаты – құстарды сақтау мен қорғау проблемасына қоғамның назарын аудару. 

Жыл құсын таңдаудағы басты шарттар:

- құс Қазақстан табиғатының бір бөлігі болуы қажет;
- басқалардан оңай ажыратып, танитындай болуы керек;
- мүмкіндігінше құсты бақылау қиындық туғызбауы тиіс;
- өзіне назар аударуды талап ететін түрлерге басымдық беріледі.

2022 жыл – бұлбұл жылы

       Бұлбұл –  торғайтәрізділер отрядының сайрауықтар тұқымдасына жататын әнші құс. Елімізді екі түрі бар: оңтүстік бұлбұлы және кәдімгі бұлбұл. Олар бір-біріне өте ұқсас. Кәдімгі бұлбұл Қазақстанның солтүстігін мекендейді, оңтүстік бұлбұл басқа аймақтарда кездеседі. Екеуі де қыстауға ұшып кететін құстар қатарында.

Бұлбұлдар орманға, баққа, орман алқабына, бұталы жерлерге ұя салады. Ұя әдетте жерде немесе төмен өсетін бұталарда орналасады. Олар негізінен жәндіктер, құрттар, ұсақ өрмекшілер және жидектермен қоректенеді. Дене қауырсындарының жоғарғы жағы қоңырлау, ортасы қоңыр-сұр, төменгі жағы сарғыштау болады.

Қалай болғанда да, жер бетіндегі адамдардың осы құстың әншілігін мойындамайтыны кемде-кем болар. Қай елдің фольклорында болсын, бұлбұлдың бейнесі бар, қай ел болсын, ғажап әншісін бұлбұл құсқа теңейді.

Пенде емеспіз бе, "жүз рет естігеннен бір көрген артық" демекші, осындай сиқырлы әннің иесін өз көзіңмен, ең болмаса бір рет көруге құштарланасыз. Бұл мақсатыңыз бірден орындала қояды десеңіз, қатты қателесесіз. Ол көзге өте сирек түсетін құс. Тіпті, алда-жалда сіз оның ұясын көре қалсаңыз, байқамаған боп өтіп кеткеніңіз дұрыс, себебі ол адам көзіне көрінген ұясын дереу басқа жаққа көшіріп әкетуге харекеттенеді немесе мүлде тастап, баз кешіп кетеді. Ол сізге не берсең соны жейтін құлқынның құлы емес, алдағанға көне кететін аңқау құс та ол емес, - деп жазады ақын Есенғали Раушанов "Құстар – біздің досымыз" атты кітабында.

Бұлбұлдар елімізге сәуірдің ортасы мен мамырдың басында келеді де, олардың әдемі әуенін мамырдың ортасында естуге болады. Қалың бұталардың түбіне ұя салады. Ұяны 5-8 күн ішінде ұрғашысы дайындап шығады. Ұяға ағаштың құрғақ жапырақтарын қолданады, ішін шаш, жүн,тал мамығымен көмкереді. Түсі қоңыр, зәйтүн түстес 4-6 жұмыртқасын мамырдың ортасы, маусымның басында толықтай салып болады. Жұмыртқаны ұрғашысы 2 апта бойы басады.

Заманауи орнитологтар сайрайтын бұлбұлдың еркегі ғана дейді, ал ұрғашысы бұл кезде жұмыртқалай бастайды. Уақыты келіп, ұя басуға отырған мезгілде ата бұлбұл сайрауын бірден қояды, ондағы ойы – дауысына қызыққан екі аяқты, төрт аяқты дұшпандарының назарын ұяға аудармаудың амалы. Ұрпақ есендігі үшін, ұя амандығы үшін бір уақ Құдай берген өнерді де құрбан етуге тура келеді екен, - деп жазады Есенғали Раушанов.

Бұлбұл балапандарын ұсақ жәндіктермен, өрмекші, қырықаяқ, ұлумен қоректендіреді. Ұшпай тұрып-ақ ұядан кетеді де, алыстамай айналасында жүреді. Ата-анасы толық ұшып үйренгенше тамақтандырып отырады. Олар тамыздың ортасы мен қыркүйекте жылы жаққа ұшып кетеді.

Бұлбұлдар өте еліктегіш те келеді. Сондықтан араларында "жақсы әнші" пайда болса болды, біраз уақыттан соң бәрінің де әуені әдемі бола бастайды. Олар көбіне түнде ән салады. Бұл жайында да "Құстар – біздің досымыз" кітабында ерекше баяндалады.

Оның оралуының өзі бір салтанат болса, ән салатын мезгілі де ерекше. Құс біткен күнімен сайрап, секіріп, ойнап, кеш бата ұяларына тығылады. Түнде ұшатындары сирек. Маңай бір сәт құлаққа ұрған танадай тып-тыныш бола қалады. Әсте, құстардың бізден тағы бір айырмашылығы – талантты сыйлай білетіндігі емес пе екен, себебі бұлбұлмен ешқайсысы жарыса сайрамайды, үнсіз тыңдайды, - деп жазады.
Ақпарат дереккөзі