12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні.
8 маусым күні Семей орман резерватынан өрт шықты. Төтенше жағдайдың алғашқы сәтінен бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысқа кірісіп, міндеттерін мүлтіксіз өтеуде. Алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Мамандар тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.
Семей орманындағы өрт аумағы басында шамамен 20 гектарды құраған, кейін жалын өрши түсті.
Орман өрті Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төндіретіндіктен тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды. Барлығы 316 адам көшірілген.
Сондай-ақ, мамандар өрт сөндіру ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындап кеткенін айтты.
9 маусымда Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Сол күні Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Санаулы сағаттан соң Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маманның қаза тапқаны және 11 қызметкерді іздеу жұмысы жүргізіліп жатқаны туралы суық хабар жетті.
Төтенше жағдайдың ушығып, өрттің белең алуына байланысты Семейде жедел желі іске қосылды.
Айта кетсек, 11-13 маусым күндері Президенттің Вьетнамға ресми сапары жоспарланған еді. Абай облысындағы төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысының жұмыс сапары кейінге шегерілді.
Сондай-ақ, Ақордадан Мемлекет басшысының шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баратыны хабарланды.
10 маусымда түсте Семей орманындағы өрттің аумағы 60 мың гектардан асып кеткені белгілі болды. Тілсіз жаумен күрес үш бағытта жүрді.
Сол күні кешке қарай Төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінен қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткенін хабарлады.
Абай облысындағы өрт сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған.
Арада көп уақыт өтпей өрттен көз жұмған орманшылардың тізімі жарияланды.
Еске сала кетсек, «Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, хабар-ошарсыз қалған болатын.
Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізген еді.
– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через