Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі мерекесі - Көрісу күні.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейту үшін төл жаңа жылды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау әдетке айналып келеді. Он күндік думанды мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде бүкіл қазақ білетін айтулы күнге айналып отыр.
Бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғаса беретін Көрісу салты негізінен Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Ал Маңғыстау өңірінің жұрты оны Амал мерекесі деп те атайды.
Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілегін арнайды.
Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды. Ол - Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес.
Амалдың негізгі шарты - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау.
Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға батасын береді. Бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілегін жаудырады.
Осылайша, Көрісу - бауырмалдықтың, кішіпейілдіктің, қайырымдылықтың мерекесі саналады.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото Егемен Қазақстан, balletacademy.edu.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через