фото: https://pixabay.com/ru/
Тіс дәрігері брекетті 12-13 жастан бастап тағуға болады дейді.
Адамдар қисық тістерін түзету үшін және тістемді (прикус) дұрыстау үшін ортодонтқа жүгінеді. Тістер мен жақты түзеудің бірнеше жолы бар. Соның бірі және ең кең қолданылатыны – брекет.
Осы орайда стоматолог-дәрігер, Status Dental Clinic негізін қалаушы Ахрор Ташпулатов Информбюро порталы әзірлеген брекет жүйесіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
№1. Тісті түзеудің қандай жолдары бар?
Тісті түзеудің келесідей әдістері бар:
брекет кию;
капа;
ретейнер;
элайнер;
трейнер және т.б.
№2. Брекеттің қандай түрлері бар?
Тістем дұрыс болуы үшін, әдемілік, эстетика үшін брекет тағу тиімді. Материалына қарай брекеттің бірнеше түрі бар:
металл;
керамика;
пластик;
жақұт.
№3. Брекетті қай жастан таққан дұрыс?
Брекетті жалпы 12-13 жастан бастап сала беруге болады, өйткені бұл жаста тұрақты тістер толық жетіліп бітеді және түбірлері де толық орналасады.
№4. Брекет қоймас бұрын не істеу қажет?
Брекет қоймас бұрын ең алдымен ауыз қуысыдағы барлық тіс қатарларын панорамалы рентгенге түсіру қажет. Рентгеннен қай тісті емдеу керек екенін, ақыл тіс болса оның қалай орналасқанын көре аламыз. Ақыл тісті жұлып, емдейтін тістер болса емдеп (тісжегі, пульпит, периодонтит және т.б.), тісті қалпына келтіру керек.
№5. Брекет таққанда жақ сүйектері ауыра ма?
Жоқ, ауырмайды. Брекет таққаннан кейін бастапқы 1-2 апта ыңғайсыздық болып, уақыт өте келе ауырғаны басылады.
№6. Брекет таққанда не істеуге болмайды?
Брекет таққанда қатты заттар жеуге болмайды. Жылы, жұмсақ тамақтар жеген дұрыс. Жаңғақ жеуге, алма, сәбіз сияқты тағамдарды бүтіндей тістеп жеуге болмайды. Себебі, қатты зат жеген кезде брекет түсіп қалады және оны қайтадан желімдеуге тура келеді. Сол үшін блендерден өткізіп не кесіп жеген жөн. Сағыз, ирис, мармелад сынды жабысқақ, созылғыш заттарды тұтынбаған дұрыс.
№7. Коррекцияға қаншалық жиі келіп тұру қажет?
Брекет қойған соң коррекцияға 1 не 1,5 айда келіп тұрған жөн. Коррекция кезінде ортодонт дәрігер брекеттің доғасын ауыстырады, резеңке тағады.
№8. Брекетке қалай күтім жасау керек?
Тісті арнайы тіс щеткасымен, кішкентай ысқышпен, тіс жібімен тазалау қажет. Арнайы ауыз шаятын сұйықтық пен пастаны қолданған жөн. Брекетке күтім жасау арқылы біз тісті дұрыс қалпына келтіре аламыз. Тамақ ішкен соң арнайы щеткамен тісті үнемі тазартқан дұрыс.
№9. Брекетті бір ғана жаққа тағуға бола ма?
Иә, болады. Брекетті жоғарғы немесе төменгі жақтың біркелкі емес тістеріне орнатады. Дегенмен, ортодонт пациенттің шағымын шешуге бағытталған емдеу нәтижесінің функциясына және тұрақтылығына қалай әсер ететінін бағалау қажет.
№10. Брекет денсаулыққа зиян ба?
Брекеттің денсаулыққа зиян жақтары көп кездеспейді. Адамда пародонтоз болса, темірге (металлға) аллергиясы болса қоюға болмайды.
№11. Брекетті қанша уақыттан кейін шешеді?
Брекетті бір жылдан астам уақыт тағады. Емдеу уақыты 1 жылдан 2,5 жылға дейін созылуы мүмкін. Брекетті шешкен соң тіс бастапқы қалпына келіп, қайта қисайып кетпес үшін ретейнер қояды және каппа киіп жүреді.
№12. Брекет бағасы қалай есептеледі?
Брекет бағасы оның түріне қарай есептеледі. Брекеттің бағасынан бұрын ортодонт дәрігерді дұрыс таңдау қажет. Білікті ортодонт тісіңізді тез әрі тиімді жолмен туралауға көмектеседі.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через