Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында жалғыз көл тартылып барады. Бөгендерде де су қалмай, халық қиналып отыр. Бұрын жағаға соғып жатқан көлдің орнында қазір шөп өсіп кеткен дейді тұрғындар. Ал Ресейден сатып алынған су әлі аймаққа жетпеген.
Шәкен ақсақал бала кезінде Мұратсай көлінің деңгейі жартаспен бірдей болғанын айтады. Аудандағы жалғыз су айдыны әбден құрғап, тартылып қалған. Жағымсыз иіс қолқаны қабады.
Шәкен Дүйсенғалиев, ауыл тұрғыны:
Суы жағаға соғып жатты. Балалар суға түсіп жүрді. Қазір қарасаңдар, тікен өсіп кеткен, ішінде су жоқ. Анау беті мүлдем тартылып бітті.
Мейірбек Бұқаров, ауыл тұрғыны:
Қазір ауылға кіріп жүр мал. Көк шаң қылып, дауыл қылады осылай. Ал бірақ қағаз жүзінде, әкімдікке барсаң айтады, су барып жатыр, келіп жатыр деп. Каналдарды Ресейден жіберетін жағынан, Жәнібек ауданына дейін барып судың келіп жатпағанын көріп келдім көзіммен.
Бұрын арпа-бидай еккен шаруалар қазір тұқым себе алмай отыр. Судың көлемі аз деп, несие де бермей қойған. Ал осы су қоймасына жауапты «Қазсушар» мекемесі Ресейден сатып алынған су енді келеді дейді.
Шынболат Ермағамбетов, Қазсушар РМК БҚО Филиалының бас гидротехнигі:
Биылға алынатын көлемі жоспар бойынша – 2 млн. 500 мың текше/метр су. Қазір Мұратсай су қоймасына су беруді осы қыркүйек айының аяғында бастадық. Қазан айының орта шенінде жаңа аталған жоспар көлемінде су береміз.
Жәнібек су жүйесі арқылы келетін ризықты сатып алу үшін 700 млн теңге төленген. Ал Саралжын ауылында он шақты бөгеннің арнасы кеуіп қалған. Бір кездегі сулы, нулы Бескөл деген жер де айтақыр болыпты.
Думан Бақтығалиев, шаруа қожалығының басшысы:
Бізге ең бірінші, осы жерде су бар-жоғын анықтап берсе. Тұщы су бар немесе тұздылығы осындай деп, анықтап берсе, ар жағында өзіміз жұмыстанар едік. Әкеп қаздырасың, су шықпайды. 4 рет әкеп қаздырдым, су шықпайды. Жатқан шығын.
Ауылдағы бөгендер ешбір мекеменің қарамағына алынбаған. Аудан әкімдігіне айтылғанымен, мәселе әлі сол күйі өзгеріссіз қалып келеді. Ардақ Мұратқызы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через