Бизнес ашқысы келетін жастарға 5 млн теңгеге дейін кредит беріледі

Бизнес ашқысы келетін жастарға 5 млн теңгеге дейін кредит беріледі
фото: https://sputnik.kz

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Несие 21-ден 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі.

Қаражат бизнес ашқысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауар өндірумен немесе сатумен, жұмыс орындаумен және қызмет көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен айналысатын азаматтарға конкурстық негізде ұсынылады.

Шағын несиелер "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы беріледі.

Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін).

Жалпы, бұл жобаға 2023 жылы 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл 5,7 мыңнан астам жастарды қамтуға мүмкіндік береді.
 

Қазақпарат