фото: inform.kz
Пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы өзекті мәселеге айналған болатын. Осы кезде көптеген дәрі-дәрмек түрлерін шетелден импорттап, ішкі нарықтағы фармацевтикалық тауарлар өндірісі ақсап тұрғанын аңғардық. Сол кезде біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17%-ы ғана отандық өнім екені мәлім болды. Шынында, аталған саладағы тапшылықты қалай жоюға болады? Елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі қандай? Отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласында.
Елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі қандай?
Жоспар бойынша 2025 жылы Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық көлемін 50 пайызға жеткізу керек.
Қазіргі таңда елімізде 158 фармацевтикалық өндіріс жұмыс істейді, оның ішінде 42 өндіріс дәрілік заттарды өндіруге маманданған болса, 116 өндіріс медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірумен айналысады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2022 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығының көлемі 921,1 млрд теңгені, оның ішінде отандық тауарлар өндірісінің көлемі – 162,6 млрд теңгені құрады.
Қазақстандық дәрілік заттардың экспорты
Наурыз айында елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу шаралары талқыланған еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамыту, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және жалпы фармацевтикалық секторды цифрландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Осы орайда, бірлескен кәсіпорындар ашу және әлемдік фармацевтикалық индустрияның жетекші компанияларының өндірістерін локализациялау бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіле бастады. Олардың қатарында Hoffmann-La Roche (Швейцария), Pfizer (АҚШ), Novo Nordisk (Дания), Takeda (Жапония), SK Plasma (Оңтүстік Корея) және т.б. бар.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне айтылған ұсыныстарды талдап, оларды елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға жеткізу бойынша жол картасында ескеруді тапсырды. Ол соңғы бірнеше жылда Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті: шығарылатын препараттардың ассортименті кеңейіп, көлемі ұлғая түсті. Алайда, олардың ішкі нарықтағы үлесі баяу өсіп отыр, қазіргі көрсеткіш – 28%.
Сонымен қатар өмірлік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша ұзақмерзімді шарттар жасасудың маңыздылығына тоқталды.
«Онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттарға ерекше назар аудару керек. Ол үшін алдағы жылдарға қажеттілікті ескере отырып, осындай дәрілік заттардың тізбесі бекітілуі тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық өндірістің үлесін фармацевтикалық нарықта 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі нарықтың әлеуетті мүмкіндіктерін талдап, одан әрі дамыту жөнінде шаралар әзірледі.
Бұл аймақтарда ірі медициналық және техникалық университеттердің, өндіріс орындары мен халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін клиникалық базалардың болуына байланысты Астана, Ақтөбе және Шымкент қалалары таңдалған.
Сондай-ақ фармацевтика және медицина саласын дамыту бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Сондай-ақ, процестің әртүрлі кезеңдерінде BIGPHARMA фармацевтикалық компанияларымен келісімшарттық өндірістің инвестициялық жобалары бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Дәрінің жағымсыз әсері мен бағасы туралы ақпаратты қайдан алуға болады?
Елдегі дәрі-дәрмектің сапасы әзірленген сәттен бастап, халық пайдаланғанға дейінгі аралықта үздіксіз тексеріліп отырады. Кез келген дәріні тіркеу кезінде әуелі сараптама өткізеді, одан әрі елге әкелер шақта да сапасын мамандар бақылайды.Бүгінгі таңда дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесінде фармацевтикалық нарықтың көтерме және бөлшек сауда сегментінде жүзеге асырылады.
Елімізде DariKZ мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасы қолжетімді. Бұл қосымша арқылы халық дәрілік заттардың жағымсыз реакциялары жөнінде дербес ақпарат алып, дәрі-дәрмектің бағасына қатысты шағымдана алады. Нақтырақ айтқанда, дәрілік заттың жағымсыз әсері баяндалатын карта-хабарламалар немесе «сары карталар» деп аталатын ақпарат парақшаларын жіберуге арналған жаңа қызмет іске қосылып отыр.
Бұл ретте дәрілік заттардың қолданудан кейінгі жағымсыз реакциялары туралы ақпаратты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан онлайн режимде жедел алуға болады. Карта-хабарламаны жіберу үшін қосымшадағы «Жанама әсері» бөлімін ашып, пациент және препарат туралы мәліметтерді толтырып, сондай-ақ кері байланыс және қажет болған жағдайда ақпаратты нақтылау үшін байланыс деректерін көрсету қажет.
Дәрі-дәрмек бағасына шағым түсіруге болады
Денсаулық сақтау министрлігі аталған қосымша халықпен өзара байланысуға арналған тиімді құрал қызметін атқарады деп мәлімдеді. Мобильді қосымшадағы жаңа қызмет дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бақылап, фармакология нарығы айналымына қатысушылармен байланыста болуға септігін тигізеді.
DariKZ мобильді қосымшасының жаңа нұсқасы арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы рұқсат етілген шектен асыра қойылған жағдайда шағым түсіруге болады. Жалпы, дәріханадағы бағаға шағым түсіру үшін бірнеше қарапайым қадам жасау қажет. Біріншіден, DariKZ мобильді қосымшасынан шекті бағасы белгіленген қажетті препаратты тауып, екіншіден, «Бағаға шағым түсіру» тетігін басу керек. Бұдан әрі қажетті жолақтарды толтырып, хабарлама жолданады.
Сонымен қатар, халық DariKZ қосымшасы арқылы ұқсас препараттарға қойылатын бағаларды салыстыра алады. Дәрінің рецепт арқылы немесе рецептісіз берілетінін, сәйкестік сертификатын тексеріп, өндіруші, медицинада қолданылуы, сақтау мерзімі туралы және т.б. деректерді біле алады.
Фармацевтикалық нарықтағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Қазақстанда дәрілік заттарды өндіру, сату және пайдалану нарығы тиісті ережелер мен нормалармен реттеледі. Фармацевтика нарығындағы қауіпсіздікке қатысты барлық жағдайлар бойынша Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы мұқият бағалау жүргізеді, әрбір жағдай тіркеуден кейінгі кезеңде «пайда-қауіп» арақатынасын бағалау мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қаралады, дәрілік заттардың қауіпсіздігін қадағалау мен мониторинг жүргізуге жауапты халықаралық ұйымдардың ұсыныстары ескеріледі.
Қазақстанда бірқатар жағдайларда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды тоқтата тұру, сатуға тыйым салу енгізіледі. Олар дәріні қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген адам денсаулығы үшін қауіпті жағымсыз реакциялар анықталған кезде, нұсқаулықта көрсетілген жағымсыз реакциялардың жиілігі артса, емдік әсері болмаған кезде, елеулі жағымсыз реакцияларға байланысты препаратты басқа елдердің нарығынан тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу туралы ақпарат болған кезде, дәрілер мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздік, сапа және қолдану тиімділігіне әсер ететін өндіру процесі бұзылған кезде қолданылады.
Дәрілік заттарды таңбалау жүйесі
Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесі 2022 жылғы шілдеден бастап кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың маңыздылығы жайлы бірнеше мәрте айтқан еді.
Дәрі-дәрмектерді таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы шешім 2018 жылдың желтоқсанында қабылданды.
Еліміздегі бірыңғай таңбалау операторы фармацевтикалық нарықтың қолданыстағы инфрақұрылымына дәрілік заттарды қадағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Дәрі-дәрмектерді таңбалау – бұл өндірушіден, дистрибуция құрылымынан, дәріханалардан және медициналық ұйымдардан пациенттің соңғы нүктесіне дейінгі барлық жеткізу тізбегі арқылы дәрі-дәрмектердің қозғалысын бақылаудың маңызды құралы. Міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу дәрі-дәрмек айналымын анағұрлым ашық ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, сатып алушыға сатып алынатын препараттардың түпнұсқалығын өз бетінше тексеруге мүмкіндік береді.
Бұл тәжірибе Оңтүстік Корея, Түркия, Сауд Арабиясы, АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей, Италия, Аргентина сияқты бірқатар елдерде бұрыннан қолданылған. Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Қорыта келе, ұлт саулығы – мемлекеттің басты ұстанымы екені анық. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі елге келетін дәрі-дәрмектің қауіпсіздігіне, сапасына бейжай қарамайды деп сенеміз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через